Медиа ресурстар
10 ҚАРАША – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҒЫЛЫМНЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮНІ
Жаңалықтар

10 ҚАРАША – ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҒЫЛЫМНЫҢ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮНІ

Ғылым – өркениет дамуының қозғаушы күші, елдің зияткерлік әлеуеті мен тұрақты болашағының берік негізі. Бүгінде қазақстандық ғылыми жаңалықтар мен инновациялық ізденістер қоғамның өзекті мәселелерін шешіп, адамзаттың өмір сапасын жақсартуға жол ашуда.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады» деген сөзі ғылымды дамыту мен ғылыми әлеуетті нығайтудың ел болашағы үшін маңызын айқындай түседі.
Осы бағытта Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ғылыми зерттеулерді дамытуға, инновациялық бастамаларды қолдауға және жас ғалымдардың әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінде университетте 4 ғылыми-зерттеу институты мен түрлі бағыттағы зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Университет ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру бағдарламалары аясында ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Сонымен қатар Ғылым қорының ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған гранттарында жеңіп алып алды. 
Ғылыми бастамаларды қолдау университеттің өз қаражаты есебінен де жүргізіледі. 2020–2026 жылдар аралығында оқу ордасының 45 ғылыми жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды. Аталған жобалардың бірқатары сәтті аяқталып, кейінгілері зерттеу жұмыстарын жалғасуда.


Сонымен қатар университет жас мамандар мен студенттердің инновациялық идеяларын жүзеге асыру мақсатында Start-UP жобаларға да қайтарымсыз гранттар бөліп келеді. 2020–2026 жылдар аралығында 35 жобаға қайтарымсыз грант берілді.


 Жастардың тың бастамаларының қатарында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұсынылған креативті жобалар да бар. Жас зерттеушілер тұрмыстық қалдықтардан әшекей бұйымдар жасап, өндіріс қалдықтарын құрылыс материалдарына айналдыруға бағытталған идеяларын іске асырды.


Бұл бастамалар Мемлекет басшысының табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау жөніндегі ұстанымымен үндеседі.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ғылым мен инновацияны ұштастыра отырып, өңірдің тұрақты дамуына және елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға үлес қосуды жалғастыруда.

 Ғылымға қолдау – жарқын болашаққа инвестиция!


#ДүниежүзілікҒылымКүні #АтырауУниверситеті #Ғылым #ҒылымиЗерттеулер #ЖасҒалымдар #StartUP #ТазаҚазақстан