Медиа ресурстар
«ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА – ШЫНШЫЛ СӨЗ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
Жаңалықтар

«ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА – ШЫНШЫЛ СӨЗ» КІТАБЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдаулы ой-тұжырымдары мен қанатты сөздері жинақталған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға профессор-оқытушылар, жас ғалымдар, студенттер және түрлі сала өкілдері қатысты.

Жиында Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов басылымның тарихи-танымдық және интеллектуалдық маңызына тоқталды.

«Қазақ халқы қашанда сөздің қадірін біліп, терең ой мен парасатты пайымды жоғары бағалаған. Өйткені мәнді сөз – уақыттың, танымның, тәжірибе мен зерденің тоғысынан туатын ой қорытындысы. Президенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, дипломатиялық қызметтегі және халықаралық ұйымдардағы көпжылдық тәжірибесі оның саяси көзқарастары мен ой-тұжырымдарының қалыптасуына негіз болды. Сондықтан бұл жинақты мемлекеттің даму бағдарына, ұлттың болашағына және әлемдік саясаттың өзекті мәселелеріне қатысты көзқарастарды айшықтайтын интеллектуалдық еңбек ретінде қарастырған орынды», – деді Басқарма төрағасы – ректор.

Таныстырылымда спикерлер кітаптағы ой-тұжырымдарды еліміздің соңғы жеті жылдағы қоғамдық-саяси өзгерістерімен және мемлекеттік бастамаларымен байланыстыра талдады.

Жиында Атырау облысы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім маманы Айгүл Қуаныш мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселелеріне тоқталса, PhD дәрежесі бар Атырау университетінің проректоры Бақыт Алтынбасов ғылым мен білімді дамыту, қаламгер, ақын Бақытгүл Бабаш тілдің ұлттық бірегейліктегі маңызы сынды бағыттарда сөз сөйлеп, ой бөлісті.

Ал Президенттің дипломатиялық қызметіне қатысты еңбектерін зерделеген зерттеуші ғалым, аға оқытушы Ернар Атаұлан Мемлекет басшысының халықаралық қатынастар саласындағы шешімдерінен мысалдар келтіріп, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының ерекшеліктерін талдады. Ол студенттерге дипломатиялық тәжірибедегі маңызды оқиғалар мен шешімдерді зерделеу арқылы халықаралық келіссөздер жүргізу барысында ұлттық мүддені қорғау және шет мемлекеттермен теңгерімді қарым-қатынас орнату тетіктерін терең түсінуге болатынын жеткізді.

Студенттер арасынан Айгүл Қыдырова цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы, ал Сұлтан Аманбай жастар саясаты және академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім алудың жастарға беретін мүмкіндіктері жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жинағы 1994 жылдан бергі отыз жылдан астам кезеңді қамтиды. Кітаптың 21 тақырыптық бөлімінде заң үстемдігі, мемлекеттік басқару, білім мен ғылым, жастар саясаты, цифрландыру, ұлттық бірегейлік және экологиялық мәдениет сияқты маңызды бағыттар жүйеленген.

Кездесуде Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов мазмұнды пікірлері үшін спикерлерге ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Алқалы жиын соңында атыраулық балаларға ұлттық өнерді насихаттап жүрген «Бастау» жас домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.