Медиа ресурстар
КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ
Жаңалықтар

КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті кәсіподақ ұйымының конференциясы өтті.
Конференцияға «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аққали Ахмет, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер және сайланған делегаттар қатысты. 
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша филиал төрағасының міндетін атқарушы Сағынгерей Аймұратов есептік баяндама жасады. Ол кәсіподақ ұйымының ұжым мүшелеріне материалдық және әлеуметтік қолдау көрсету, сауықтыру орындары мен шипажайларға жолдамалар беру, мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бағытында атқарған жұмыстарына тоқталды.

Жарыссөз барысында Х.Б. Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ҒЗИ директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы  Сайпулла Сапанов кәсіподақ ұйымының жұмысына тоқталды. Ол ұжымдағы еңбек тәртібінің сақталуы, еңбек дауларына жол бермеу, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу және бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы ұйым жұмысының нақты нәтижесі екенін атап өтті. 

Университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымов кәсіподақ ұйымының ардагерлер мен ұжым мүшелерінің әлеуметтік мәселелеріне әрдайым назар аударып келе жатқанын айтты. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев кәсіподақты еңбек ұжымының негізгі жанашыры ретінде бағалады
Сондай-ақ, ардагер ұстаз, профессор Бақтыбек Таубаев кәсіподақ тарапынан қызметкерлерге көрсетіліп жүрген қолдауға тоқталды. Ол жазғы демалыс пен еңбекақының уақытылы берілуі, шипажайларға жолдамалар ұсынылуы және ұжымдағы ауызбіршіліктің сақталуы кәсіподақ пен университет әкімшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін жеткізді 
Жиында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері де сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстарына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. 

Күн тәртібіндегі сайлау мәселесі бойынша Сағынгерей Аймұратовтың кандидатурасы ұйым төрағалығына ұсынылды. Ашық дауыс беру нәтижесінде делегаттардың қолдауымен Сағынгерей Аймұратов кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. 

Конференция барысында филиалдың Атқару комитетінің жаңа құрамы бекітіліп, Тексеру комиссиясының төрағасы болып Бағдарламалық инженерия кафедрасының меңгерушісі, PhD Ардақ Батырханов сайланды. Жиын қорытындысында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.