Медиа ресурстар
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаңалықтар

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Шыңғыс Нұржанұлы академиялық адалдық қағидаттарын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің академиялық адалдық талаптары туралы түсінігін кеңейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, білім беру үдерісінде әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту және білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Кездесу барысында Шыңғыс Нұржанұлы университетте академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Студенттерге Академиялық адалдық кодексінің негізгі талаптарын түсіндіріп, емтихан тәртібін сақтау, оқу және шығармашылық жұмыстарды өз бетінше орындау, плагиатқа жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, университеттегі кері байланыс арналары және жауапты құрылымдарға жүгіну тәртібі туралы ақпарат берді.

Жиында академиялық адалдық қағидаттарын сақтау студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Сондай-ақ білім беру үдерісінде әділдік, ашықтық және өзара сенім қағидаттарын ұстанудың маңызы түсіндірілді.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, академиялық адалдық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Іс-шара білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға және университетте әділ әрі ашық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталды.