2026 жылғы 30 қыркүйекте Атырау облысы әкімдігінде жергілікті атқарушы органның мемлекеттік тапсырысы шеңберінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін іске асыруға бағытталған гранттық жобалар бойынша конкурстық комиссияның отырысы өтті. Конкурсқа Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары да қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын қорғады.
Конкурсты Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жергілікті атқарушы органның мемлекеттік тапсырысы аясында ұйымдастырды. Байқау 2026 жылға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін гранттық қаржыландыруға бағытталған.
Аталған конкурс өңірдегі экология, өнеркәсіп, су ресурстары, мұнай-газ секторы және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзекті мәселелерді ғылыми тәсілдер арқылы шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізіп, олардың өңір экономикасына нақты пайдасын арттыру көзделген.
Конкурстық комиссия жұмысының негізгі бағыттарының бірі – ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру. Бұл дайын ғылыми әзірлемелер мен технологияларды нақты бизнес пен өндірістік процестерге енгізуді қарастырады.
Сондай-ақ комиссияға ұсынылған гранттық жобалардың ішінен өңір экономикасы үшін өзекті, тиімді әрі экономикалық қайтарымы жоғары жұмыстарды іріктеуге басымдық беріледі. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету де комиссия жұмысының маңызды бағыттарының бірі саналады.
Іріктеу қорытындысы бойынша мақұлданған ғылыми жобаларға жергілікті бюджет немесе арнайы гранттық қорлар есебінен мақсатты қаржы бөлу қарастырылған.
2026 жылғы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін гранттық қаржыландыру конкурсына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің үш ғалымы қатысып, ғылыми жобаларын комиссия алдында қорғады.
Олар – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Болат Мухамбетов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Экономика кафедрасының қауымдастырылған профессоры М.Ж. Дюсегалиев, сондай-ақ PhD, Биология және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі А.К. Нургалиева.
Атырау облысы әкімдігінде өткен конкурстық комиссия отырысы өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға, ғылыми әзірлемелерді қолдауға және инновациялық жобаларды нақты өндіріс пен бизнес саласына енгізуге бағытталған.