Медиа ресурстар
АТЫРАУДА АЛҒАШ РЕТ ЕР МҰҒАЛІМДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ
Жаңалықтар

АТЫРАУДА АЛҒАШ РЕТ ЕР МҰҒАЛІМДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

 Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде алғаш рет облыстық ер мұғалімдер форумы өтті. Жиынға өңірдің 7 ауданы мен Атырау қаласынан 100-ге жуық педагог қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Форумның мақсаты – Атырау өңіріндегі жас мұғалімдерді қолдау, олардың кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жас мамандардың кәсіби әлеуетін дамыту.

«Биыл Атырау университеті жанынан ер балаларды педагог мамандығына бағыттау мақсатында ашылған «Ұстаз» мектеп-интернатына 5 жыл толды. Мектеп түлектерінің алғашқы легі жоғары оқу орнын тәмамдап, өңірдегі қала және ауыл мектептерінде еңбек жолын бастады. Осыған орай жас мұғалімдердің тәжірибелі ұстаздармен пікір алмасып, кәсіби біліктілігін шыңдауына мүмкіндік беретін алаң қалыптастыруды жөн көрдік», – деді Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов.

Атырау облысында мұғалім мамандығына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Зерттеулерге сәйкес, алдағы бес жылда өңір мектептеріне 3595 педагог қажет. Сонымен қатар бүгінде облыста еңбек ететін 12 мыңға жуық педагогтің 1300-ден астамы ғана – ер азаматтар.

Осы қажеттілікті ескере отырып, педагог мамандығына қабілетті әрі ынталы жасөспірімдерді ерте жастан кәсіби бағдарлау, әсіресе ер балалардың ұстаздық мамандыққа қызығушылығын арттыру мақсатында 2021 жылы университет жанынан «Ұстаз» мектеп-интернаты ашылды. Бүгінде білім ордасын 300-ге жуық түлек тәмамдады. Олардың алғашқы тобы жоғары оқу орнын аяқтап, өңірдегі қала және ауыл мектептерінде еңбек жолын бастады.

Солардың бірі – Бектөре Ғалымов. Ол биыл өзі білім алған мектепке қызметке орналасқан.

«Мен 10-сыныптан бастап мұғалім болуды таңдадым. «Ұстаз» мектебін үздік бітіріп, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде төрт жыл білім алдым. Биыл дипломымды алып, жас маман ретінде өзім білім алған мектепке жұмысқа орналастым. Форумда бірге оқыған достарыммен кездесіп, тәжірибелі педагогтерден ақыл-кеңес алып, кәсіби біліктілігімізді арттырып жатырмыз. Мұндай форумның дәстүрлі түрде ұйымдастырылғанын қалаймын», – дейді форумға қатысушы жас мұғалім.

Алғаш рет ұйымдастырылған форумға 21-45 жас аралығындағы педагогтер қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар кәсіби тәжірибе алмасып, түрлі интеллектуалдық және командалық сайыстарда бақ сынады. Атап айтқанда, куиз, хакатон және киберспорт бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылып, үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталды.