Медиа ресурстар
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫНДАҒЫ ЖОБА НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ
Жаңалықтар

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫНДАҒЫ ЖОБА НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

Атырау қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға арналған кешенді психологиялық зерттеу жүргізілуде.

Атырау қаласы прокуратурасының ұсынысы негізінде және Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және суицидтік мінез-құлықтың себептерін анықтауға бағытталған психологиялық кешенді талдау» жобасы құқық бұзушылық пен суицидтік мінез-құлыққа ықпал ететін факторларды анықтауды, сондай-ақ алдын алу шараларын ғылыми тұрғыдан негіздеуді көздейді.

2026 жылғы қыркүйекте зерттеудің эмпирикалық кезеңі жалғасты. 2025–2026 оқу жылындағы психологиялық қызмет жұмысына қатысты деректерді жинау аяқталып, олардың негізінде екі талдамалық модель әзірленді.

Бірінші модель әр білім беру ұйымындағы құжат нысандарының толтырылу сапасын бөлімдер бойынша бағалауға арналған. Онда сұрақтарға берілген жауаптар, толтырылмаған бөлімдер және тек сапалық сипаттамамен шектелген тұстар көрсетілді.

Екінші модельде білім алушылардың педагог-психолог көмегіне жүгіну себептері мен тәуекел факторлары жас ерекшеліктері және білім беру ұйымдары бойынша сандық әрі сапалық тұрғыдан талданды. Әр фактордың анықтамасы мен теориялық негізі беріліп, себеп-салдарлық байланысы және пайыздық көрсеткіштері айқындалды.

Ғылыми-зерттеу жұмысына Атырау қаласындағы 10 білім беру ұйымы, оның ішінде 7 жалпы білім беретін мектеп пен 3 колледж тартылды. Зерттеу аясында 14 мыңнан астам жеткіншек пен жасөспірімге қатысты деректер, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы педагог-психолог мамандардың диагностикалық, алдын алу және психологиялық қолдау жұмыстарының нәтижелері сарапталуда.

Зерттеудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруына және суицидтік мінез-құлық тәуекелінің артуына ықпал ететін психологиялық, әлеуметтік және мінез-құлық факторларын жан-жақты зерделеу. Сонымен қатар тәуекелдерді ерте анықтауға, психологиялық қолдауды жетілдіруге және алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ғылыми-практикалық тәсілдерді әзірлеу көзделген.

Зерттеу барысында білім алушылардың психологиялық ерекшеліктері мен эмоционалдық күйі, әлеуметтік ортасы, тұлғалық және мінез-құлық факторлары, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылуы қарастырылады.

Алдын ала талдау барысында 12 755 білім алушыға қатысты дерек өңделіп, педагог-психолог көмегіне жүгінудің 1 480 дерегі тіркелгені анықталды. Жүгіну себептерінің қатарында оқу жүктемесі мен емтихандарға байланысты күйзеліс бар. Сондай-ақ отбасындағы қолайсыз ахуал мен дағдарыстық мінез-құлық белгілері тәуекел факторлары ретінде тіркелген.

Жинақталған деректерді кешенді талдау қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы тәуекелдерді ерте анықтау мен алдын алу жұмыстарының ғылыми негізделген жүйесін жетілдіруге арналған әдістемелік және практикалық ұсынымдар әзірленеді.

Зерттеу қорытындылары педагог-психолог мамандардың алдын алу жұмыстарын жүйелеуге, тәуекел тобындағы білім алушылармен жұмыс істеу алгоритмдерін жетілдіруге және кәмелетке толмағандардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған жоба құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және психология саласындағы ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды ғылыми-практикалық бастама болып саналады. Жоба аясында мәселенің салдарымен ғана емес, оны туындататын себептермен де жүйелі жұмыс істеуге басымдық беріледі.

 

 

Ғылым департаменті