Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Тәртіп. Жігер. Мінез» тақырыбында пара таеквондо шеберлері мен студенттердің кездесуі өтті.
Кездесуді «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Алпысбай Сейітқалиұлы мен Пара таеквондо федерациясының президенті, сурдо таеквондо бойынша жаттықтырушы Бауыржан Төребаев бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараға Атырау облысының Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты Мүгедектер спорт клубының басшысы Есенгелді Пазылғалиев, пара таеквондо бойынша бас бапкер Асан Қасаев, сондай-ақ спортшылар Нұрлан Домбаев, Жанболат Қазиев және Бақберген Ғибратжан қатысты.
Еркін форматта өткен жүздесуде спортшылар кәсіби жолы мен жетістіктері туралы әңгімелеп, тәжірибелерімен бөлісті. Олар студенттердің сауалдарына жауап беріп, мақсатқа жетудегі тәртіптің, табандылық пен жігердің маңызына тоқталды.
Тағылымды кездесу жастарды спортпен шұғылдануға, қиындықтарға мойымай, алға қойған мақсатына нық қадам басуға үндеді.