Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне Nazarbayev University президенті Вакар Ахмад бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында оқу орнының вице-президенті Гүлмира Қанай және өзге де зерттеуші ғалымдар мен өкілдері бар.
Қонақтар Атырау университетінің ғылыми және білім беру инфрақұрылымымен танысып, зертханаларды аралады. Ғалымдар құрамында күкіртсутегі бар газ бен мұнай қалдығын өңдеу және регенерациялау, робототехника және мехатроника, экологиялық технологиялар, ресурстарды үнемдеу және биоматериалдарды қайта пайдалану бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыратын зертханалармен танысты.
Сондай-ақ делегация Атырау университетінің ғылыми кітапханасын, оқу үдерісіне онлайн курстар дайындайтын студияны, «English Only Space» тілдік алаңын аралап көрді.
Атырау университетінде Nazarbayev University-дің ғалымдары мен өкілдері ғылым және білім беру саласындағы байланыстарды нығайту мәселелерін арнайы жиында отырып талқылады. Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен студент алмасу, ғалымдар мен мамандардың өзара тәжірибе алмасуына және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруына қолдау көрсету бағыттарын кеңесті.
Жиында Басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов делегация мүшелерінің Атырау университетіне арнайы сапармен келгені үшін алғысын білдіріп, алдағы ынтымақтастықтың өңір үшін маңызына тоқталды.
– Атырау университетіне қош келдіңіздер! Біздің басты мақсатымыз – өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен жобаларды қолға алу. Екі университеттің ғалымдары мен білім алушылары өзара тәжірибе алмасып, өңірімізге пайдалы бастамаларды жүзеге асырады деп сенеміз, – деді Басқарма төрағасы-ректор.
Nazarbayev University-дің вице-президенті Гүлмира Қанай бұл сапардан Атырау университеті ғалымдарының ғылыми-зерттеудегі жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алғандығын, алдағы уақытта екі тарап ғалымдарының бірлескен жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік көп екенін атап өтті.
Кездесу университет басшылары өзара ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға дайын екендерін білдіріп, жаңа бастамаларды пысықтау мақсатында бірқатар маңызды кездесулер өткізуге келісті.