Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан Global Fishery Forum 2026 халықаралық форумына қатысуда. Биыл Global Fishery Forum 2026 аясында «Шекарасыз Каспий: балық шаруашылығы кешені мүддесі үшін ғылым, экология және цифрлық технологиялар» тақырыбына арнаған конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Иран және Кипр Республикасының ғылыми, білім беру және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар балық шаруашылығы саласындағы білім беруді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, саланы цифрландыру, су биоресурстарын сақтау және Каспий өңірінің тұрақты дамуы мәселелерін талқылады.
Халықаралық форумда шетелдік зерттеушілермен қатар қазақстандық ғалымдар да баяндама жасап, тақырып аясында жүргізіліп жатқан отандық ғылыми зерттеулерді таныстырды.
Алқалы жиында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті атынан «Каспий» кешенді зерттеулер және мониторинг зертханасының меңгерушісі Гүлшат Жұматова «Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде балық шаруашылығы саласындағы білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту: тұрақты даму, цифрландыру және Жайық–Каспий экожүйесін сақтау» тақырыбында баяндама жасады.
Бүгінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде балық шаруашылығы саласы бойынша мамандарды оқытып даярлау бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда университетте «Каспий» кешенді зерттеулер және мониторинг зертханасы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Зертхана қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Жайық–Каспий бассейнінің экологиялық жағдайын зерттеу, су биоресурстарын сақтау және өңірдің тұрақты дамуына ғылыми тұрғыдан үлес қосу.
Осы орайда халықаралық форум аясында «Каспий» кешенді зерттеулер және мониторинг зертханасының меңгерушісі Гүлшат Жұматова мен форум делегаты, биология және балық шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлнара Сапарова Атырау өңіріндегі экологиялық ахуал мен балық шаруашылығы саласының өзекті мәселелеріне қатысты университет ғалымдарының ғылыми зерттеу бағыттарын, ғылыми ұсыныстары мен маңызды жобаларын таныстырды.
Бұдан бөлек, форумда елімізге белгілі ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҚАА академигі Сәуле Асылбекова «Тралдық-гидроакустикалық зерттеулер деректері бойынша Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі кәсіптік балық түрлерінің таралуы» тақырыбында баяндама жасады.
Университет ғалымдарының Global Fishery Forum 2026 форумына қатысуы тәжірибе алмасуға, халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға, Каспий өңірінің биоресурстарын сақтауға және балық шаруашылығы кешенін тұрақты дамытуға бағытталған бірлескен шешімдерді талқылауға мүмкіндік берді.