Атырау облысының әкімі Болат Оралұлы Ақшолақов Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне жұмыс сапары барысында университеттің қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты.
Сапар барысында облыс әкімі Атырау облысы әкімдігінің білім беру грантына құжат тапсырып жатқан талапкерлермен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімдігі 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білім алуға арналған білім беру гранттарына құжат қабылдауды бастады.
Жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттар өңірдегі кадр тапшылығын азайту мақсатында басым бағыттар бойынша ұсынылады. Олардың қатарында исламтану, теология, дінтану, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы, актерлік өнер, сценография, су ресурстары және суды пайдалану, сумен жабдықтау және су бұру, өндірісті автоматтандыру және басқару, қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі, спорт, қалдықтарды басқару, орман шаруашылығы, математика, физика, химия, тарих және қоғамтану, информатика, психология, арнайы педагогика, биология, сәулет және құрылыс, ақпараттық технологиялар, медицина және басқа да мамандықтар бар.
Бұл гранттар – өңір экономикасы мен әлеуметтік саласына қажетті білікті мамандарды даярлауға және жастардың жоғары білім алуына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды мүмкіндік.