Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Конституция және демократиялық институттар: Қазақстандағы саяси модернизация» тақырыбында республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті. Ғылыми жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, сарапшылар, докторанттар, магистранттар, студенттер және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов Қазақстан Республикасының Конституциясы құқықтық мемлекеттің негізі әрі адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол бүгінгі таңда конституциялық құндылықтарды нығайту, демократиялық институттарды жетілдіру және саяси модернизация үдерістерін ғылыми тұрғыдан зерделеудің маңыздылығына тоқталды.
Алғашқы баяндаманы университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бахыт Өмірханұлы Алтынбасов «Қазақстанның конституциялық дамуының ерекшеліктері» тақырыбында ұсынды.
Одан кейін университет профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамиға Тәжіқызы Таңатарова «Қазақстандағы саяси модернизация: тарих және қазіргі кезең» тақырыбында баяндама жасап, еліміздегі саяси реформалардың тарихи негіздері мен бүгінгі даму үрдістеріне тоқталды.
Іс-шараның құрметті қонағы, университет түлегі, «Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Еркебұлан Ғинаятұлы Мутигуллин жастардың еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістерге қатысты көзқарасы мен азаматтық белсенділігі туралы пікірін ортаға салды.
Сонымен қатар тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлфайруз Қайырғалиқызы Қайырғалиева конституциялық реформалардың ел дамуына ықпалына жан-жақты тоқталды.
Шара соңында қатысушылар баяндамалар төңірегінде пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Ғылыми басқосу құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, демократиялық институттарды жетілдіруге және ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған маңызды пікірталас алаңына айналды.
Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті алдағы уақытта да қоғамдық маңызы бар өзекті мәселелерді талқылайтын ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру арқылы ғылымды дамытуға және жас зерттеушілердің әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса бермек