Бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Көптілді білім беру факультеті түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.
Бүгін – еліміздің тарихындағы ерекше күн. 1 шілдеде Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, ел өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы болды. Осындай тарихи күні Көптілді білім беру факультетінің түлектері диплом алып, үлкен өмірге жолдама алды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің еліміздің жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектерге арналған бейнеқұттықтауымен басталды.
Биыл Көптілді білім беру факультетін 530 түлек аяқтады. Оның ішінде 430-ы – бакалавриат, 100-і – магистратура түлегі. 95 түлек оқуын үздік дипломмен тәмамдап, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – профессор-оқытушылар құрамының кәсіби еңбегі мен жастардың білімге деген ұмтылысының жарқын жемісі.
Іс-шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және құрметті қонақтар қатысты. Алғаш болып университеттің Басқарма Төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі күн бірнеше жылдық еңбектің, ізденіс пен білімге деген құштарлықтың заңды жемісі екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгінгі салтанатты рәсімнің Халық Конституциясының заңды күшіне енген тарихи күнмен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне тоқталып, бұл күннің жас түлектердің жаңа өмірге қадам басуымен үндесетін ерекше белес екенін жеткізді. Өз сөзінің соңында жас мамандарға алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, кәсіби біліктіліктерін үздіксіз жетілдіріп, қай салада еңбек етсе де ел сенімін ақтайтын білікті маман әрі жауапты азамат болуларына ақжолтай лебізін білдірді.
Жиын барысында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Дүйсенбайұлы Шамұратов түлектерді диплом алуларымен құттықтап, Халық Конституциясының заңды күшіне енген тарихи күні диплом алудың ерекше мәнге ие екенін жеткізді. Ол жас мамандарды елдің өркендеуіне адал қызмет етіп, Конституцияда айқындалған құндылықтарды қастерлеуге үндеді. Салтанатты рәсімде оқуын үздік аяқтаған түлектерге Қазақстан Республикасының Конституциясы кітабы салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты кеш барысында магистранттар мен үздік диплом иегерлері марапатталып, факультеттің қоғамдық, ғылыми және шығармашылық өміріне белсенді араласқан түлектерге университет басшылығы мен бірқатар мекемелердің атынан Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар оқу жылдары түрлі республикалық олимпиадалар мен халықаралық байқауларда жеңіс тұғырынан көрінген, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан студенттердің жетістіктері ерекше аталып өтті.
Көптілді білім беру факультеті – университетіміздің бай тарихы мен тағылымды дәстүрін жалғастырып келе жатқан іргелі факультеттердің бірі. Ұзақ жылдар бойы факультет қазақ тілі мен әдебиеті, орыс филологиясы, шет тілі, аударма ісі және филология бағыттары бойынша білікті мамандар даярлап, өңіріміздің ғана емес, еліміздің білім беру, ғылым және мәдениет салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде факультет заман талабына сай білім беру технологияларын тиімді пайдалана отырып, бірнеше тілді еркін меңгерген, бәсекеге қабілетті әрі жоғары білікті мамандар даярлауда. Студенттер қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, неміс және түрік тілдерін меңгеріп, халықаралық деңгейде еңбек етуге қажетті кәсіби құзыреттерді игеруде.
Мерекелік шара жас түлектер үшін ұмытылмас әсерге толы жарқын сәттердің біріне айналып, олардың өміріндегі ең маңызды белестердің бірі ретінде есте қалды.
Университет ұжымы жас мамандарға ақ жол тілеп, алдағы кәсіби қызметтеріне толағай табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тіледі.