Медиа ресурстар
Экономика және құқық факультетінің түлектеріне диплом табысталды
Жаңалықтар

Экономика және құқық факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Экономика және құқық факультетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.

Диплом тапсыру салтанаты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің еліміздің жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерге арналған бейнеқұттықтауымен басталды.

Салтанатты шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер және олардың ата-аналары қатысты. Диплом табыстау рәсімі бірнеше жылдық қажырлы еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесін айқындаған, жас мамандардың үлкен өмірге қадам басқан тарихи әрі тағылымды сәтіне айналды.

Іс-шара барысында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асхат Ералыұлы құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге ақжарма тілегін жеткізді. Ол Экономика және құқық факультетінің өңірге білікті мамандар даярлаудағы маңызды рөлін атап өтіп, жас мамандардың кәсіби білімі мен жауапкершілігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық және құқықтық дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Салтанатты жиында ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры, Жұмекентанушы, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы Алмасбек Ахметбекұлы сөз сөйлеп, түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтады. Ол жас мамандарға ел игілігі жолында адал еңбек етіп, кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіріп, биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар құрметті қонақ түлектерге дипломдарды салтанатты түрде табыстады.

Биыл факультетті 256 бакалавр тәмамдаса, олардың 32-сі үздік диплом иегері атанды. Сондай-ақ ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша білім алған 59 магистрантқа магистр дәрежесі берілді. Сонымен қатар Экономика және құқық факультетінің бірқатар түлектеріне Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі мен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің бірлескен «Экономикалық қылмыстарды тергеу» атты бірегей микробіліктілік сертификаты табысталды. Аталған сертификат түлектердің экономикалық қылмыстарды анықтау мен тергеу саласындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған арнайы білімді меңгергенін растайды.

Шара барысында дипломдармен қатар университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып, өнер, спорт, волонтерлік қызмет, облыстық және республикалық дебат турнирлері мен стартап жобаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген белсенді түлектер марапатталды. Оларға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисовтың, Атырау қаласы әкімінің, Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының және Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты рәсім соңында түлектер мен олардың ата-аналары ұстаздарға ризашылықтарын білдіріп, естелік суретке түсті. Сонымен қатар жас мамандарға алдағы өмір жолында толағай табыс пен жарқын болашақ тілеген ізгі тілектер айтылды.

Бұл күн – түлектердің студенттік өмірмен қоштасып, кәсіби жолға нық қадам басқан айтулы сәті. Университет ұжымы жас мамандарға сәттілік тілеп, олардың білім мен білікті ұштастыра отырып, ел дамуына өз үлестерін қосатын білікті маман боларына сенім білдірді.