Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Ұстаз» мектеп-интернатының 2025–2026 оқу жылы түлектеріне арналған «Қанат қаққан “Ұстаздан”, “Ұстаз” болу – бір арман!» атты аттестат табыстау салтанаты өтті.
Биыл «Ұстаз» мектеп-интернатының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы мерейлі жылы білім ордасының бесінші түлектері алтын ұясымен қоштасты. 11-сыныпты 39 оқушы тәмамдап, олардың екеуі «Алтын белгі», төртеуі «Үздік аттестат» иегері атанды.
Салтанатты шараға Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Өтешов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Асхат Иманғалиев, университеттің ардагер ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Қадыр Жүсіп қатысты.
Сонымен қатар, жиынға университеттің Басқарма төрағасы – ректор, профессор Саламат Идрисов, профессор-оқытушылар құрамы, проректорлар, факультет декандары, мектеп-интернатының ұжымы мен ата-аналар қауымы қатысты.
Салтанатты кеште сөз сөйлеген Саламат Идрисов «Ұстаз» мектеп-интернатының бес жыл ішінде сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастырып, дарынды жастарды тәрбиелеуде өзіндік орны бар білім ордасына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, мектептің бүгінгі жетістіктері – ұстаздардың қажырлы еңбегі, ата-аналардың сенімі мен қолдауы және шәкірттердің білімге деген құштарлығының нәтижесі. Сондай-ақ ол түлектерге ақ жол тілеп, бүгін олар үшін жаңа өмірдің есігі ашылғанын, алдарында үлкен таңдау, мол мүмкіндік пен зор жауапкершілік тұрғанын айтты. Ректор мектептен алған білім мен тәрбиенің қай кезде де дұрыс жол көрсететін темірқазық болатынын атап өтіп, жастарды өздеріне сенуге, армандарынан бас тартпауға, қай салада еңбек етсе де елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасы тиетін білімді әрі білікті азамат болуға шақырды.
Сондай-ақ ол ұстаздар мен ата-аналарға өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегі үшін алғыс айтып, мектеп ұжымына жаңа жетістіктер, ал түлектерге жарқын болашақ пен ақ жол тіледі.
Шара барысында білім беру саласына үлес қосқан ұстаздар марапатталды. Сонымен қатар түлектерге жалпы орта білім туралы аттестаттар табысталып, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері арнайы марапатқа ие болды.
Мерекелік кеш «Ұстаз» гимнінің орындалуымен қорытындыланып, түлектерге ақ жол мен толайым табыс тілектері айтылды.