Медиа ресурстар
Әскери кафедра – әскери резервті даярлаудың маңызды орталығы
Жаңалықтар

Әскери кафедра – әскери резервті даярлаудың маңызды орталығы

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің әскери кафедрасы жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге және еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлес қосып келе жатқан маңызды құрылымдардың бірі. Кафедра студенттерге сапалы әскери білім берумен қатар, оларды жауапкершілігі жоғары, кәсіби білікті маман ретінде қалыптастыруды мақсат етеді.

Әскери кафедра Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 маусымдағы №344 қаулысына сәйкес құрылды.

Кафедраның алғашқы басшысы болып полковник Қуандық Амангелдіұлы Бердіғалиев тағайындалды. Кейін бұл қызметті запастағы әділет подполковнигі Серік Ақирович Абсаматов атқарды. Қазіргі уақытта әскери кафедраны запастағы полковник Руслан Жалғасұлы Наурызбеков басқарады.

Әскери кафедрада студенттер запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша білім алады. Оқу үдерісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери резервін қалыптастыруға, сондай-ақ офицерлік және сержанттық құрамның бастапқы лауазымдарын білікті мамандармен толықтыруға бағытталған.

Бүгінде кафедрада бірнеше әскери мамандық бойынша даярлық жүргізіледі. Олардың қатарында жалпыәскери бөлімшелерді жауынгерлік жағдайда қолдану, әскери қызметті ұйымдастыру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, аумақтық қорғанысты жоспарлау және ұйымдастыру, сондай-ақ атқыштар даярлығы бағыттары бар.

Аталған бағдарламалар бойынша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен қатар, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері де білім алады. Жыл сайын әскери кафедраны 200-ден астам түлек аяқтап, еліміздің әскери резервін толықтыруға өз үлестерін қосуда.

Әскери кафедра Атырау қаласы, Азаттық даңғылы, 1Б мекенжайында орналасқан.

Запастағы майор, сеньор-лектор
Жасулан Сапарбайұлы Чуйншкалиев