Медиа ресурстар
Жасөспірімдердің құқық бұзушылығы мен суицидтік мінез-құлқының алдын алу – ортақ міндет
Жаңалықтар

Жасөспірімдердің құқық бұзушылығы мен суицидтік мінез-құлқының алдын алу – ортақ міндет

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Атырау қалалық Прокуратура өкілдерінің қатысуымен Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және суицидтік мінез-құлықтың себептерін анықтауға бағытталған психологиялық кешенді талдау жобасын талқылау мақсатында кездесу ұйымдастырылды.

Бұл жобаны іске асыру Атырау облысының прокуратурасының бастауының негізінде, университет ғалымдарының көмегімен қоғамдағы өзекті мәселе -  Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицидтік мінез-құлықтың себептерін анықтауға бағытталған психологиялық кешенді талдау моделін әзірлеу және оны білім беру ұйымдарында апробациялау.

Қазіргі қоғам жағдайында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицидтік мінез-құлықтың таралуы өзекті әлеуметтік-психологиялық мәселелердің бірі болып табылады. Жеткіншек жас кезеңі эмоциялық тұрақсыздықпен, тұлғалық дағдарыспен және әлеуметтік факторлардың ықпалының күшеюімен сипатталады, бұл өз кезегінде девиантты және аутодеструктивті мінез-құлықтың қалыптасу қаупін арттырады.Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, құқық бұзушылық пен суицидтік мінез-құлықтың себептерін кешенді диагностикалауға бағытталған жүйелі тәсілдердің жеткіліксіздігі байқалады. Психологиялық талдаудың бірыңғай алгоритмінің болмауы тәуекел топтарын ерте анықтауды қиындатады және алдын алу жұмыстарының тиімділігін төмендетеді.

Осыған байланысты кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицидтік мінез-құлықтың себептерін анықтауға бағытталған психологиялық кешенді талдау алгоритмдерін әзірлеу өзекті ғылыми-практикалық міндет болып табылады.

Алдағы уақытта бұл жоба жүзеге асқан жағдайда кешенді психологиялық диагностика моделі әзірленіп, енгізілетін психологиялық мониторинг жүйесі арқылы профилактикалық бағдарлама құрастырылып, әдістемелік ұсынымдар жасақтау күтіледі.

Кездесуге Атырау университетінің ректоры Идрисов Саламат Нұрмұханұлымен бірге Меңдіғалиев Мерген Өмірбекұлы  – Атырау қаласының прокуроры; Жолан Бердібек Берікқалиұлы – Атырау қаласы прокурорының орынбасары; Хамзин Дулат Болатбекұлы  – Атырау облысы Білім беру басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы; Дулдашева Рысгуль Ерсаиновна – Атырау қаласы Полиция басқармасы ҚҚБ ЮПБ аға иснпекторы, полиция капитаны; Досжан Болатбекұлы – Атырау облысы Білім беру басқармасы Облыстық әдістемелік орталықтың басшысы; Куспанова Айгерим Саясатовна Психологиялық қолдау орталығының «Әдістемелік жұмыс» бөлімінің бөлім басшысы; Кусайнова Мулдир Кажмеденовна – Психологиялық қолдау орталығының «Әдістемелік жұмыс» бөлімінің әдіскері, сонымен қатар университет проректорлары, ғылым департаменті, Педагогика және психология кафедрасының ғалымдары қатысып, жобаға қатысты өз ойларымен бөлісті.