Медиа ресурстар
Батыс Қазақстанның әскери тарихына арналған жаңа еңбектердің тұсаукесері өтті
Жаңалықтар

Батыс Қазақстанның әскери тарихына арналған жаңа еңбектердің тұсаукесері өтті

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми-зерттеу институты мен «Қазақстан және дүниежүзі тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен маңызды ғылыми шара өтті.

Жиын барысында отандық тарих ғылымына тың серпін беретін екі іргелі еңбектің таныстырылымы өткізілді:
 «Батыс Қазақстанның әскери тарихы (XVIII–XX ғғ.)» ұжымдық монографиясы және «XVIII–XX ғғ. бірінші жартысындағы Батыс Қазақстан: саяси жағдайы, азаттық күрестері, жауынгерлік ерліктері» құжаттар мен материалдар жинағы.

Шараның ашылуында Х.Б. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Жұмабайұлы Сапанов алғысөз сөйлеп, аталған еңбектердің ғылыми маңызы мен тарихи құндылығына тоқталды.

Таныстырылым барысында тарихшы ғалымдар жаңа еңбектердің ғылыми маңызына тоқталып, Батыс Қазақстан өңірінің әскери тарихын зерттеудегі өзекті мәселелер мен архивтік деректердің құндылығы жөнінде баяндамалар жасады.

Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Сағидоллаұлы Жұмағұлов кітаптардың мазмұны мен ғылыми жаңалығына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, Атырау университетінің профессорлары Шахман Нағымұлы, Алдар Сәрсенов, Жамиға Таңатарова және Серік Қуаныш өз зерттеулері негізінде мазмұнды пікірлерін ортаға салды.

Тұсаукесер аясында қатысушылар Қазақстанның әскери тарихын зерттеудің өзекті бағыттарын талқылап, жаңа басылымдардың ғылыми қауымдастық пен жас зерттеушілер үшін маңызын ерекше атап өтті.