Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің делегациясы 2026 жылғы 2-3 маусымда Ресей Федерациясының Астрахань қаласындағы Астрахань мемлекеттік техникалық университетінде өткен Каспиймаңы мемлекеттері университеттері және ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының кезекті жұмысшы отырысына қатысты.
Биыл Атырау университеті аталған Қауымдастығының төрағасы қызметін атқаруда. Осы орайда, университет ректоры С.Идрисов Атырау университетінің қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде Каспиймаңы елдері арасындағы ғылым-білімдегі академиялық байланысты дамыту, Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, ғылыми байланыстарды тереңдету бойынша «Қауымдастық қызметінің 2025–2030 жылдарға арналған негізгі стратегиялық бағыттары» құжатына сай өз ұсыныстарын берді:
- бірлескен ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамыту, студенттер мен оқытушыларға қысқа және ұзақ мерзімді алмасу бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беретін «Каспий маңы кампусы» жобасын іске қосу,
- жас зерттеушілерді қолдау және адами капиталды дамыту мақсатында Каспий өңірінің мәселелерін зерттеумен айналысатын жас зерттеушілерге арналған Қауымдастық құрылтайшылары атындағы стипендияларды тағайындау,
- экология, биоресурстар, теңіз экономикасы, энергетика, көлік және климаттың өзгеруі салаларындағы жобалар бойынша жұмыс істейтін ғалымдарды біріктіретін Каспий маңы зерттеулері консорциумын құру,
- ғылыми жарияланымдар, диссертациялар, зертханалық нәтижелер және бірлескен жобалар деректер қорын біріктіретін «Қауымдастықтың цифрлық платформасын» жасау,
- өңір халықтарының тарихын, дәстүрлері мен тілдерін зерттеуге ықпал ететін «Каспий – мәдени диалог аумағы» жобасын қосу және «Мәдениетаралық коммуникациялар орталығын» құру бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ Қауымдастықтың Ғылыми дипломатия және халықаралық әріптестікті дамытуы арқылы басқа да өңірлік және халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастық орнататын алаңға айналуы, Erasmus+, Horizon Europe, Green Central Asia және басқа да халықаралық бағдарламаларға белсенді қатысуы туралы да сөз болды.
Сонымен қатар университет делегациясы астрахандық әріптестермен кездесулерге қатысып, Астрахань мемлекеттік техникалық университетіндегі қазақ тілі орталығының жұмысымен танысты.
Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің университет статусын алғанына 32 жыл толуына арналған кеңейтілген Ғылыми кеңесінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисовке екі университет арасындағы көп жылғы өзара бірлескен әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін Астрахань мемлекеттік техникалық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.