Медиа ресурстар
«Ұстаз» мектебінің бесінші толқыны арманға қанат қақты
Жаңалықтар

«Ұстаз» мектебінің бесінші толқыны арманға қанат қақты

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті жанындағы дарынды ер балаларға арналған «Ұстаз» мектебінің «Сыңғырла, үміт қоңырауы!» атты соңғы қоңырау салтанаты өтті.
Биыл мектеп өз қабырғасынан бесінші рет түлектерін ұшырып отыр. 39 жас түлек білім, ғылым, өнер, спорт және қоғамдық өмірдегі үздік жетістіктерімен ерекшеленді.
Салтанатты жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, мектеп-интернат ұжымы мен түлектердің ата-аналары қатысты.
Жиында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов жас толқынды құттықтап, «Ұстаз» мектебінің бес жыл ішінде сапалы білім мен ұлттық тәрбиені ұштастырған маңызды білім беру жобасына айналғанын атап өтті.
— «Ұстаз» мектебі – жас ұрпақты отансүйгіштікке, жауапкершілікке және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге баулитын тәрбие бесігі. Түлектеріміз осы мектептің атын әрқашан биік ұстайды деп сенемін, — деді ректор.
Салтанатты шара барысында оқу үлгерімімен, үлгілі тәртібімен және қоғамдық белсенділігімен көзге түскен бірқатар түлекке Атырау университетінің арнайы білім гранттары табысталды.Бұл құрметке Мақсот Мейіржан, Жеткін Аманжан, Мұратбай Мансур, Атшыбай Жасын, Серік Айбат, Кабдрахим Даниял, Біржан Мырзалым және Сапи Нұрәділ ие болды.
«Ұстаз» мектеп-интернатының директоры Сәнім Уапқызы Қалуова да түлектерге ізгі тілегін арнап, алдағы өмір жолдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ мектеп өміріне белсенді қолдау көрсеткен ата-аналарға Алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік бағдарламада түлектер ұстаздарына деген алғысын әнмен, күймен және жүрекжарды сөздерімен жеткізді. Ұстаздар мен шәкірттердің вальсі, лента қию рәсімі және соңғы қоңыраудың сыңғыры жиынға ерекше әсер сыйлады.
«Сыңғырла, үміт қоңырауы!» атты салтанат түлектер үшін мектеп өмірінің жарқын қорытындысы әрі жаңа өмірге бастар маңызды қадам болды. Алтын ұядан қанат қаққан жас өрендерді алда жаңа белестер мен жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр.
Ақ жол, жас түлек! Қанаттарың талмасын, армандарың асқақ болсын!