Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде BOLASHAK — Халықаралық бағдарламалар орталығы өкілдерінің қатысуымен халықаралық білім беру бағдарламаларына арналған мазмұнды кездесу өтті. Шара барысында қатысушыларға «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесуді университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова ашып, мұндай бағдарламалардың ғылым мен білім саласының дамуына серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе алмасудың жас мамандар мен ғалымдардың кәсіби деңгейін көтерудегі маңызына тоқталды.
Шараға университет оқытушылары, жас ғалымдар, магистранттар және шетелде білім алуға қызығушылық танытқан түлектер жиналды.
Кездесу аясында Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Еркінбаев халықаралық бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен қатысушыларға берілетін жаңа мүмкіндіктер жайында баяндады. Сонымен қатар Еуропа және Азия басқармасының бас менеджері Аида Әнуар бағдарламаға қатысу тәртібін түсіндіріп, құжат тапсыру кезеңдері, іріктеу талаптары және ғылыми тағылымдамадан өту шарттары жөнінде нақты ақпарат берді.
Мамандардың айтуынша, ғылыми тағылымдаманың ұзақтығы 3 айдан 12 айға дейін жалғасады. Үміткерлерге шақырту хатының болуы, еңбек тәжірибесі, ғылыми дәрежесі және тілдік дайындық деңгейі бойынша талаптар қойылады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: тестілеу, сараптамалық комиссиямен әңгімелесу және республикалық деңгейдегі қорытынды шешім.
Бағдарламаға өтінім қабылдау 2026 жылдың 16 наурызынан 30 қазанына дейін жүргізіледі.