Елордамыз Астана қаласында «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті.
Симпозиумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Алтын Орданың ұлт тарихындағы орны мен дала өркениетіндегі маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеудің ұлттық тарихи сананы жаңғыртудағы рөліне тоқталды.
Ауқымды халықаралық жиынға әлемнің 20-дан астам елінен келген тарихшы-медиевистер, археологтар, түркітанушылар, шығыстанушылар, мәдениеттанушылар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысуда. Симпозиум тарихи жадыны жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік сабақтастықты ғылыми негізде талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары — тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов Жұмабайұлы және тарих ғылымдарының кандидаты Марат Касенов қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Профессор Сайпулла Сапанов Жұмабайұлы «Алтын Орда мұрасы және Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатындағы тарихи сабақтастық» тақырыбында баяндама жасап, Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі тарихи-саяси ықпалына кеңінен тоқталды. Ғалым өз сөзінде Алтын Орданың басқару жүйесі, дипломатиялық тәжірибесі мен сауда байланыстары кейінгі Қазақ хандығының қалыптасуына тікелей әсер еткенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, түркі мемлекеттерімен ынтымақтастығы және Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бастамалары тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырылды.
Профессор Алтын Орда дәуіріндегі халықаралық дипломатияның Мысыр мәмлүктерімен, Византиямен, Русь кінәздіктерімен және Еуропа мемлекеттерімен байланыс орнатуда маңызды рөл атқарғанын айтып, бұл тәжірибе қазақ мемлекеттілігінің саяси дәстүрлерінде жалғасын тапқанын жеткізді. Сондай-ақ Алтын Орда мұрасын зерттеу ұлттық тарихи сананы нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін терең түсінуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Симпозиум барысында ЮНЕСКО Бас директорының м.а.о. Элунду Ассомо Лазар Алтын Орданы тарихи бірліктің, мәдени алмасу мен өркениеттер диалогының символы ретінде бағалады. Оның айтуынша, ЮНЕСКО-ның басты мақсаты — Алтын Орданы тек тарихи мемлекет ретінде ғана емес, Еуразия халықтарын, мәдениеттері мен дәстүрлерін тоғыстырған бірегей дала өркениетінің үлгісі ретінде таныту.
Халықаралық симпозиум аясында айтылған ғылыми тұжырымдар мен пікірлер Алтын Орда мұрасын жаңаша зерделеуге, ұлттық тарихты терең тануға және тарихи сабақтастықты заманауи тұрғыдан бағалауға мүмкіндік беруде.