Медиа ресурстар
Халықаралық ынтымақтастық - дамудың басты бағыты
Жаңалықтар

Халықаралық ынтымақтастық - дамудың басты бағыты

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті мен Әзірбайжан Республикасының Бакин Еуразия университеті арасында онлайн форматта ресми халықаралық кездесу өтті.

Кездесуге Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті тарапынан Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бақыт Алтынбасов, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен кафедра меңгерушілері қатысты. Ал Бакин Еуразия университеті тарапынан халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, доцент Севда Рзаева, экономика кафедрасының меңгерушісі, доцент Вюсала Нагиева және халықаралық байланыстар және жобаларды басқару бөлімінің басшысы Айгүл Ахмадова қатысып, өз университетінің халықаралық жетістіктері мен білім беру мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берді.

Кездесудің негізгі мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, академиялық байланыстарды дамыту және интернационалдандыру бағытындағы өзара тиімді серіктестікті кеңейту болды.

Онлайн кездесу барысында:
🔹 академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру;
🔹 студенттер мен оқытушылар алмасу;
🔹 қос диплом бағдарламаларын дамыту;
🔹 магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша тәжірибе алмасу;
🔹 бірлескен ғылыми жобалар мен халықаралық ғылыми мақалалар әзірлеу;
🔹 екіжақты меморандум жасау мәселелері талқыланды.

Бакин Еуразия университеті алдағы оқу жылында Атырау университетінің 3 студентін оқуға қабылдауға дайын екендігін және студенттерге тегін жатақхана ұсынылатынын хабарлады. Сонымен қатар магистратура мен докторантура деңгейінде қос диплом бағдарламалары аясында бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында университет өкілдері білім беру бағдарламаларын салыстырып, болашақта қос диплом бағдарламаларын енгізу мен академиялық ұтқырлық аясында студенттер алмасуды жандандыру жөнінде ұсыныстар айтты.

Жиын соңында тараптар өзара ынтымақтастықты ресми келісімдер негізінде нығайтып, халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Осындай халықаралық кездесулер университетіміздің әлемдік білім беру кеңістігіндегі беделін арттырып, студенттер мен жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.