Бүгін білім беру үдерісінің сапасын арттыру мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің физика-математика және ақпараттық технологиялар факультетінің профессор-оқытушылар құрамына арналған ағылшын тілін үйрену курсы өз жұмысын бастады.
Курс бағдарламасы оқытушылардың тілдік құзыреттілігін жүйелі түрде дамытуға бағытталған және қатысушылардың дайындық деңгейіне сәйкес бірнеше деңгей бойынша ұйымдастырылуда. Бұл тәсіл әрбір тыңдаушының жеке қажеттілігі мен академиялық тәжірибесіне бейімделген тиімді оқыту ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында академиялық ағылшын тілі, ғылыми коммуникация, халықаралық білім беру кеңістігінде кәсіби қарым-қатынас жасау дағдылары, сондай-ақ ғылыми мақалалармен жұмыс істеу және халықаралық конференцияларға қатысуға қажетті тілдік машықтар қамтылады деп жоспарлануда. Аталған тіл курсы Атырау университетінің ректоры С.Идрисов пен проректорлар А.Чукуров және Б.Алтынбасовтың қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазіргі жаһандану жағдайында ағылшын тілін меңгеру – тек тілдік қабілет қана емес, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырудың, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерудің маңызды факторы болып табылады.
Курсты Көптілді білім беру факультеттінің сеньор-лекторлары Әшір Т., Тілеуова Ә.С. және Мукашева А.А. жүргізуде.
Курс соңында деңгейіне және кері байланыс пен емтихан қорытындысына байланысты сертификаттар беріледі. Курс қатысушыларына сәттіліктер тілейміз!