Медиа ресурстар
«Достық мекені» этнофестивалі өтті
Жаңалықтар

«Достық мекені» этнофестивалі өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық мекені» атты мерекелік этнофестиваль өтті.

Ауқымды шараны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Этнофестивальдің басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулық пен мәдени әртүрлілікті дәріптеу, сондай-ақ жалпыұлттық бірлік құндылықтарын кеңінен насихаттау.

Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар және Аналар кеңесінің мүшелері, Ассамблея жастары, университет студенттері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және Жұмыскер мәдениет үйінің ұжымы қатысты.

Фестиваль аясында «Инклюзивті Ассамблея» жобасы бойынша жәрмеңке ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше мазмұнды мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада түрлі этнос өкілдерінің әндері мен билері орындалып, ұлттық күйлер шырқалып, театрландырылған қойылымдар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, Қазақстандағы достық пен бірліктің жарқын үлгісін паш етті. Іс-шара барысында ұйымдастырылған «Достық» челленджі қатысушылардың белсенділігін арттырып, татулық пен ынтымақтың символына айналды.

«Достық мекені» этнофестивалі – көпэтносты қоғамдағы өзара құрмет пен келісімді нығайтатын, бірлік құндылықтарын дәріптейтін маңызды мәдени алаң ретінде өз маңызын айқындады.

Мереке соңында қатысушылар ел бірлігі мен татулығының маңызын ерекше атап өтіп, Қазақстанның бейбіт әрі тұрақты дамуына тілектестік білдірді.