Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Музыка мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының «Музыка пәнін оқыту әдістемесі» бойынша XVIIІ Республикалық Студенттік пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға еліміздің жоғары оқу орындарынан келген дарынды студенттер, оқытушылар мен қонақтар қатысты. Олимпиаданың басты мақсаты – болашақ музыка мұғалімдерінің кәсіби және шығармашылық қабілеттерін шыңдау, олардың орындаушылық шеберлігін бағалау және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру. Биылғы додаға еліміздің 12 жоғары оқу орнынан 25 студент қатысып, өзара бақ сынауда.
Салтанатты жиын барысында қатысушыларға жылы лебіз білдіріліп, университеттің жетістіктері мен білім беру сапасы туралы айтылды. Алғы сөзінде ""Музыкалық аспап" пәні бойынша XVIII республикалық пәндік олимпиаданың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Аталған олимпиаданы өткізу Атырау университетіне екінші рет тапсырылғанын үлкен жауапкершілікпен әрі мақтанышпен айта аламыз. Білім додасына еліміздің әр өңірінен келген қатысушыларға және оларға мүмкіндік берген ЖОО басшылықтарына алғысымызды білдіреміз. Тамаша таланттарды өмірге әкелген киелі Атырау өлкесінен үлкен шабытпен оралуларыңызға тілектеспіз!",- деді Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов.
Шара аясында өнерпаз студенттердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендерге қазақтың халық әндері мен күйлері ұсынылды.
Олимпиада екі кезең бойынша ұйымдастырылады:
І кезең – «Музыкалық аспапта орындау»,
ІІ кезең – «Мектеп әндерін орындау».
Сондай-ақ, олимпиаданың әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында қазылар алқасының құрамы таныстырылды. Қазылар қатарында тәжірибелі профессорлар мен өнер саласының мамандары бар.
Ашылу рәсімінде олимпиадағы қатысушылардың реттік санын анықтау үшін асық арқылы жеребе тасталды. Жеребе рәсімінен кейін әр қатысушыға өз асығы естелік ретінде табысталды. Салтанатты рәсімнен кейін олимпиаданың 1-ші кезеңі басталады.
Олимпиаданың барлық қатысушысына сәттілік тілейміз!