23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған «Кітап сыйла» акциясы жалғасуда. Аталған бастама білім мен ғылымды дәріптеп, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Осы ретте Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, Бағдарламалық инженерия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы акцияға белсенді қатысып, университет кітапханасының қорын толықтыруға өз үлестерін қосты. Кафедра ұжымы тарапынан ғылыми еңбектер, соның ішінде монографиялар, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік басылымдар тарту етілді.
Атап айтқанда, кафедра профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Махатова Валентина Еркінқызы университет кітапханасына өзінің «Интеллектуалды ақпараттық технологиялар мен жүйелер негізінде күрделі формализацияланатын нысандарды тиімді басқару тәсілдемелері» атты монографиясын сыйға тартты. Бұл еңбек ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы өзекті ғылыми бағыттарды қамтып, күрделі жүйелерді басқарудың заманауи тәсілдерін жан-жақты қарастырады.
Мұндай игі бастамалар университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, студенттер мен жас зерттеушілердің сапалы білім алуына зор мүмкіндік береді.