Медиа ресурстар
Атырау университеті «Study in Kazakhstan» көрмесіне қатысты
Жаңалықтар

Атырау университеті «Study in Kazakhstan» көрмесіне қатысты

Бүгін Utebayev University базасындағы М. Асаубаева атындағы креатив орталығында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Study in Kazakhstan» атты ауқымды іс-шара басталды. Бұл алаңда еліміздің 40-қа жуық жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары бас қосты.

Аймақтың іргелі оқу орны - Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті аталған көрмеде өз павильонын ұсынды. Университет факультеттерінен барған профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді студенттер  мектеп және колледж түлектерімен жүздесіп, мамандық таңдау бойынша кәсіби кеңестерімен бөлісті

Маркетинг және кәсіптік бағдар беру бөлімінің жетекшісі Рауза Абылайқызы бастаған университет делегациясы талапкерлерге  Атырау университетінің білім беру әлеуетін жан-жақты таныстырды. Кездесу барысында болашақ студенттерге жаңа білім беру бағдарламалары мен инновациялық мамандықтардың артықшылықтары, мемлекеттік гранттар мен оқу орны ұсынатын ішкі жеңілдіктер жүйесі туралы толық ақпарат берілді. Сонымен қатар, жастар академиялық ұтқырлық пен қос диплом бағдарламалары арқылы шетелде білім алу мүмкіндіктерімен танысып, университеттегі белсенді студенттік өмір мен болашақ мансаптық даму жолдары туралы тұщымды жауаптар алды

Көрменің ресми ашылу салтанатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың жастар үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Атырау университетінің көрмедегі павильонына 2000-нан астам оқушы мен ата-аналар келіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Шара аясында тек ақпараттық жұмыстар ғана емес, сонымен қатар түлектер шеруі, химия пәнінен олимпиада және түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жастардың студенттік ортаға бейімделуіне жағдай жасалды.