Терроризм кезіндегі қауіпсіздік ережелері таныстырылды
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті №3 жатақханасында, "Ұстаз" мектеп-интернатында «Терроризм актісінің қаупі туындаған немесе терроризм акті жасалған жағдайдағы әрекеттер туралы жадынама» тақырыбында маңызды іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер мен жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайларда дұрыс әрі жылдам әрекет ету дағдыларын дамыту, сондай-ақ терроризмнің алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Кездесу барысында қатысушыларға күдікті жағдайларды дер кезінде анықтау, қауіп төнген сәтте сабыр сақтап, тиісті қызмет органдарына жедел хабар беру, адамдар көп шоғырланған орындарда сақтық шараларын күшейту секілді маңызды мәселелер кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар эвакуация тәртібі, жеке қауіпсіздік ережелері және төтенше жағдайда өзін-өзі ұстау алгоритмдері туралы нақты мысалдар келтірілді.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы дайындаған түсіндіру видеороликтері көрсетіліп, терроризмнің қоғамға тигізетін зардаптары мен оның алдын алу жолдары жан-жақты баяндалды.
Студенттер мен оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қауіпсіздік тақырыбындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың жауапкершілігін күшейтіп, қауіп-қатерге бей-жай қарамауға тәрбиелейді.
📷 Дополнительные изображения