Ұлттық кітап күніне орай университет кітапханасына жаңа кітаптар табысталды
23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов «Кітап сыйла» акциясы аясында ғылыми кітапхана қорын толықтыру мақсатында өзінің жеке кітапханасынан бірқатар құнды еңбектерді тарту етті.
Бұл кітаптар университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарында және оқу үдерісінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Кітап сыйла» акциясы аясында сыйға тартылған құнды еңбектердің қатарында ректор Саламат Идрисов пен ғалым Қаламқас Багитованың 2024 жылы жарық көрген «Білім берудегі жасанды интеллект: жаңа мүмкіндіктер мен тәуекелдер» монографиясы да бар.
Жас ұрпақты білімге, ізденіске және кітап оқуға баулуды мақсат еткен оқу орнында кітапхана қорын толықтыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасуда. Осы орайда, құрметті факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамы «Кітап сыйла» акциясына белсенді қатысуға шақырылады.
📷 Дополнительные изображения