Рысқали Жамалиұлын еске алуға арналған республикалық волейбол турнирі өтуде
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Отан соғысының және еңбек ардагері, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының және «Үлгілі байланысшы» төсбелгісінің иегері Жамалиев Рысқали Жамалиұлын еске алуға арналған Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары арасындағы волейболдан республикалық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
Ауқымды спорттық додаға еліміздің әр өңірінен келген жоғары оқу орындарының командалары қатысуда. Атап айтқанда:
– Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті (Шымкент қаласы)
– Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті (Шымкент қаласы)
– Академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті (Қарағанды қаласы)
– Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (Орал қаласы)
– Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті (Атырау қаласы)
Салтанатты шараға арнайы құрметті қонақтар қатысып, өз лебіздерін білдірді. Олардың қатарында:
Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің президенті, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қуатбеков Нұрлан Әбдімұсаұлы;
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма мүшесі, ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD докторы, профессор Жәнібеков Ақынқожа Қаленұлы;
Академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің зоология кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Мырзабаев Аманай Байтурымұлы;
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Дене мәдениеті және информатика» кафедрасының меңгерушісі Бисалиев Серік Амантайұлы;
«Дара саз» өнер студиясының жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Хинекина Нұргүл Шайдоллақызы;
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, құрметті спорт қайраткері, Атырау облысы парадзюдо федерациясының вице-президенті, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Раушанов Асан Сайынұлы болды.
Сонымен қатар, шараға ардагер Жамалиев Рысқали Жамалиұлының ұрпақтары – ұл-қыздары Телеген Рысқалиұлы, Гүлфарам Рысқалиқызы, Нұржамал Рысқалиқызы және туған-туыстары арнайы қатысты.
Ресми бөлім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, алғашқы құттықтау сөз университеттің жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Қойшығұлова Ләйлә Ерболатқызына берілді. Сондай-ақ, турнирдің маңыздылығын атап өткен құрметті қонақтар өз ізгі тілектерін жеткізді. Ардагердің немересі, ішкі істер саласының запастағы полиция майоры Жамалиев Арман Телегенұлы да сөз сөйлеп, атасының өмір жолы мен ерлігін еске алды.
Іс-шара барысында келген қонақтарға арнап музыкалық бағдарламалар ұсынылды. «Арнау» балалар тобы Ертұран ансамблінің «Ертұран» күйін орындаса, Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін ардагердің жиен-шөбересі, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Хабиров Ахмад Рафаэльұлы ұстазы Нұргүл Хинекинамен бірге орындады.
Іс-шара ҚР ЖОО-ның профессор-оқытушылары арасындағы волейболдан республикалық турнир ойындарымен жалғасын тапты.
📷 Дополнительные изображения