Media Image
16.04.2026 10

Қазақстанда «Study in Kazakhstan» жоғары білім көрмесі басталды

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен 2026 жылғы 7–25 сәуір аралығында еліміздің өңірлерінде «Study in Kazakhstan» жоғары білім көрмесі өтуде. Жоба талантты жастарды қолдауға және жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Ауқымды білім беру іс-шарасы еліміздің 14 қаласын қамтып, 6000 шақырымнан астам аумақты біріктіреді. Көрменің басты мақсаты – талапкерлерді Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған шетелдік университеттер филиалдарының білім беру мүмкіндіктерімен таныстыру.

Көрме аясында оқушылар мен олардың ата-аналары білім беру бағдарламалары, мемлекеттік гранттар, қабылдау талаптары, ҰБТ тапсыру тәртібі және оқу ерекшеліктері туралы толық ақпарат алуда. Сонымен қатар қатысушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, жетекші сарапшылар тарапынан кеңестер ұсынылуда.

Көрменің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев сөз сөйлеп, жастар үшін сапалы білім алудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барысында педагог-профориентолог Айдос Жұманазар, ҰБТ сарапшысы Фархат Сұлтабаев және білім беру саласының сарапшысы Оразбек Әпсаттар талапкерлерге мамандық таңдау мен жоғары оқу орнына түсу бойынша бағыт-бағдар беруде.

Жобаның алғашқы күні Астана қаласында өтіп, оған еліміздің 54 жоғары оқу орны қатысты. Көрмеге 10–11 сынып оқушылары белсенді қатысуда: Астанада – 3500-ден астам, Павлодарда – 2000-нан астам, Семейде – 3000-нан астам, Өскеменде – 1500-ден астам, Алматыда – 3500-ден астам, Қаскелеңде – 3650 оқушы.

Көрме еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының базасында жалғасуда. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Торайғыров университеті, Шәкәрім университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, SDU университеті және басқа да оқу орындарында ұйымдастырылуда.

Аталған жоба талапкерлерге өз болашағын саналы түрде жоспарлап, отандық және халықаралық деңгейдегі білім беру мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.

Сонымен қатар Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті өкілдері де көрмеге белсенді қатысуда. Университет атынан профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Шынар Ележанова және типография бөлімінің басшысы Бердібек Тумышев талапкерлерге кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, білім беру бағдарламалары бойынша кеңес беруде.

 

📷 Дополнительные изображения