Атырау университеті Қытайдағы халықаралық білім беру көрмесіне қатысты
Қазақстан Қытайда өткен халықаралық білім беру көрмесіне алғаш рет қатысып, ұлттық жоғары білім беру жүйесін әлемдік деңгейде таныстыруға бағытталған маңызды қадам жасады.
2026 жылғы 10 сәуірде Бейжің қаласында шетелде білім алу мәселелеріне арналған China Study Abroad Forum (CSAF 2026) халықаралық форумы мен China International Education Exhibition Tour 2026 (CIEET 2026) көрмесі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың жетекшілігімен қазақстандық делегация алғаш рет қатысты. Делегация құрамына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы 27 отандық ұйымның өкілдері енді.
Ауқымды халықаралық алаңда Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті де өз үлесін қосып, білім беру бағдарламаларын таныстырды. Университет атынан Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов, Халықаралық әріптестік және интернационалдандыру кеңесінің жетекшісі м.а. Гүлзира Дәулетова және халықаралық әріптестік және интернационалдандыру кеңсесінің жетекші маманы Мереке Омарова қатысты.
Форум барысында қазақстандық тарап еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын таныстырып, академиялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Көрме шеңберінде Қазақстан «Kazakhstan – the Territory of Academic Knowledge» ұлттық павильонымен ұсынылып, Study in Kazakhstan біріккен экспозициясы ұйымдастырылды. Бұл алаңда отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары кеңінен таныстырылып, шетелдік талапкерлер арасында Қазақстанда білім алудың тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Сонымен қатар, форумға Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей Федерациясы, Аустралия, Сингапур, Италия, Испания, Грекия, Малайзия, Вьетнам және өзге де елдердің жетекші жоғары оқу орындары мен салалық ұйымдарының өкілдері қатысып, жалпы саны 500-ден астам адамды қамтыған ірі халықаралық диалог алаңына айналды.
Атырау университеті үшін бұл көрмеге қатысу Қытай Халық Республикасының жетекші білім беру ұйымдарымен әріптестік байланыс орнатуға, академиялық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тың мүмкіндіктер берді. Алдағы кезеңде қытайлық жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайту және халықаралық білім беру кеңістігіндегі университеттің позициясын күшейту жоспарланып отыр.
Айта кету керек, China International Education Exhibition Tour көрмесі 1999 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Азиядағы ең ірі білім беру алаңдарының бірі болып табылады. Биылғы көрмеге 50 мыңнан астам келуші қатысып, білім беру саласындағы жаһандық үрдістер мен серіктестіктерді дамытуға мүмкіндік жасады.
📷 Дополнительные изображения