Заманауи сабақ: физикада геймификацияны қолдану жолдары талқыланды
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Физика және техникалық пәндер және Бағдарламалық инженерия кафедраларының ұйымдастыруымен «Физика сабағында геймификация: оқушы мотивациясын арттырудың заманауи әдістері» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – физика пәнін оқытуда геймификация элементтерін қолдану арқылы білім алушылардың оқу мотивациясын арттыру және заманауи педагогикалық технологияларды кеңінен насихаттау.
Ғылыми жиын барысында геймификацияның теориялық негіздері, оның оқушылардың қызығушылығын арттырудағы рөлі және оқу нәтижелеріне ықпалы жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар цифрлық платформалар мен ойын технологияларын тиімді пайдалану жолдары ұсынылды.
Семинар модераторы, PhD, қауымдастырылған профессор Салтанат Шармұханбет қатысушыларға геймификацияның тәжірибелік мүмкіндіктерін таныстырды. Ал профессор Бакытгүл Абыканова физика сабағындағы геймификацияның педагогикалық негіздеріне тоқталса, сеньор-лектор Майрагүл Рахметова оқушылар мотивациясын арттырудағы ойын технологиялары туралы баяндама жасады. Сондай-ақ докторант Жадыра Салықбаева практикалық кейстермен бөлісті.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Мамандар геймификация әдістерін оқу үдерісіне енгізу оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, пәнді терең меңгеруге ықпал ететінін атап өтті.
📷 Дополнительные изображения