Media Image
02.04.2026 6

Астана төрінде студенттер жетістігі: «Үздік студенттер форумы» кәсіби дамуға жол ашты

Халел Досмұхамедұлы атындағы университеттің Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының 1-курс студенттері республикалық деңгейдегі «Үздік студенттер форумы» аясында кәсіби білімдерін шыңдап, оқу орнының абыройын асқақтатты.

Астана қаласында “Жаңа Қазақстан” республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік студенттер форумы» білім алушылардың академиялық, ғылыми, зияткерлік және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаң болды. Аталған форумға университетіміздің 1-курс студенттері Амангелді Данагүл, Нұрланова Бибінұр, Темірболат Нұржанар белсенді қатысып, білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін тиімді пайдаланды.

Форум бағдарламасы аясында жаңа білім беру технологиялары мен инновациялық әдістерді енгізу, студенттердің ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, жастар арасында кәсіпкерлік және шығармашылық қабілеттерді қалыптастыру, кәсіби бағдар беру, тәжірибе алмасу және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру сынды өзекті тақырыптар кеңінен қозғалды.

Іс-шара барысында қатысушылар түрлі баяндамалар тыңдап, мазмұнды семинарлар мен тәжірибелік кездесулерге қатысты. Әсіресе медиа саласындағы жаңа әдістер, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және журналистік шеберлікті жетілдіру бағытындағы практикалық кеңестер студенттер үшін аса пайдалы болды.

Форум студент жастардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, олардың шығармашылық ойлау қабілетін арттыруға және болашақ маман ретінде тәжірибе жинақтауына зор мүмкіндік сыйлады. Қатысушы студенттер оқу орнының абыройын танытып, ғылыми-танымдық және кәсіби құзыреттерін жаңа деңгейге көтерді.

Сондай-ақ, студенттердің ғылыми жетекшісі, кафедраның сеньор-лекторы, магистр Нұргүл Нұрланқызына білім алушыларды кәсіби бағытта қолдап, ғылыми ізденіске баулығаны үшін арнайы алғыс хат табысталды. Бұл — ұстаз еңбегінің жемісі мен студент жетістігінің айқын көрінісі.

Данагүл АМАНГЕЛДІ
Журналистика мамандығының 1курс студенті