Media Image
02.04.2026 10

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні

Бүгін – түсіністік пен қабылдаудың, қолдау мен жанашырлықтың күні. Бұл күн – әрбір ерекше баланың қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадам. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Инновациялық білім беру факультеті, Психология және педагогика кафедрасы жанындағы «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы – осы бағыттағы нақты істердің жарқын үлгісі.
 
Орталықтың басты мақсаты – болашақ арнайы педагогтар мен психолог мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра отырып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға сапалы көмек көрсету.

Бүгінде «Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы:
🔹Ерекше балаларға жүйелі түзете-дамыту жұмыстарын жүргізетін
🔹 Студенттерге кәсіби тәжірибе алаңын ұсынатын
🔹 Инклюзивті білім беру бойынша ғылыми-тәжірибелік орталыққа айналды
 
2025–2026 оқу жылынан бастап Атырау облыстық №1 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация коммуналдық мемлекеттік мекемесімен меморандум аясында орталықта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тұрақты түрде логопедиялық және психологиялық қолдау көрсетілуде.
 
Сонымен қатар, орталық базасында:
– аймақтық форумдар
– халықаралық конференциялар
– ғылыми пікірталастар ұйымдастырылып, инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері кеңінен талқылануда.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 2 сәуірде «Аутист балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеудің әдіс-тәсілдері» атты аймақтық форум өтті. Форум жұмысына Батыс аймағындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары қатынасты.
2025ж 9 сәуірде Саймон Фрейзер университетімен бірлесе «Инклюзивті білім беру және қоғам: әдіснама, зерттеу, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараларға алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, зерттеушілер мен практик мамандар қатысып, инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, жетекші ғалымдар мен сарапшылар өңірдегі мамандарға әдістемелік және ғылыми-педагогикалық қолдау көрсетіп, заманауи тәсілдер мен тиімді тәжірибелерді енгізуге бағыт-бағдар берді.
 
Қазіргі таңда психология және педагогика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары бірлесе әзірлеген ерекше білім беруді қажет ететін балалардың әлеуметтік-коммуникативтік дағдыларын дамытуға арналған модульдік психологиялық кешен пайдалы модель ретінде патенттеуге беріліп, ғылыми сараптама кезеңінде қарастырылуда.
 
Бұл – ғылым мен тәжірибені ұштастырған, қоғам үшін аса маңызды инновациялық қадам.
 
Біз үшін әр бала – ерекше.
Біз үшін әр мүмкіндік – маңызды.
Біз үшін инклюзия - болашақтың кепілі.
 
«Дарын» инклюзивті білім беру ресурстық орталығы алдағы уақытта да ерекше балаларға қолдау көрсетіп, білікті мамандар даярлау ісін табысты жалғастыра береді.
 

📷 Дополнительные изображения