Артқа қайту Аквамәдениеттің тұрақты дамуы
30 наурыз 2026

Аквамәдениеттің тұрақты дамуы

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тұрақты даму қағидаттарына сәйкес балық шаруашылығы және аквамәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Биология және балық шаруашылығы кафедрасында жүзеге асырылатын 6В08401 – «Балық шаруашылығы және ихтиология» білім беру бағдарламасы балық шаруашылығы саласында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Соңғы жылдары аталған мамандыққа деген қызығушылық артып, студенттер саны тұрақты түрде көбейіп келеді. 2025–2026 оқу жылында бұл білім беру бағдарламасына 13 студент қабылданып, білім алушылар контингентінің өсімі байқалды.

Білім беру бағдарламасы еңбек нарығының талаптарына сәйкес үнемі жаңартылып отырады. Оқу жоспары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары негізінде қайта қаралып, мазмұны жетілдірілді. 2025 жылы осы ұйымның рейтингі бойынша аталған білім беру бағдарламасы республика бойынша 2-орынды иеленді.

Студенттердің кәсіби даярлығын арттыру мақсатында жетекші өндірістік ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Атап айтқанда, «Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» және «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мекемелерімен екіжақты келісімшарттар жасалған. Осы келісімдер аясында студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысып, өндірістік тәжірибеден өтеді.

Практика барысында студенттер балық шабақтарын қолдан өсіру, оларды табиғи су айдындарына жіберу үдерісімен танысып, балық шаруашылығындағы заманауи технологияларды меңгереді. Бұл тәжірибе теориялық білімді практикалық дағдылармен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Студенттердің ғылыми жетістіктері де ерекше назар аударарлық. 2025 жылы бітіруші түлек Ақмурзиева Дильназ «Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары» байқауында «Бекіре тұқымдас балықтарын өсіру биотехнологиясының ғылыми негіздерін бағалау» тақырыбымен қатысып, III орын иеленді. Ғылыми жетекшілері – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қ.С. Ирзагалиев және магистр, оқытушы А.А. Боранова.

Қазіргі уақытта кафедрада «Өсімдік және жануарлар шикізатынан бағалы компоненттерді биотехникалық әдістермен алу технологиясын әзірлеу» атты ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Жоба аквамәдениетте қолданылатын балық жемшөбінің сапасын, экологиялық тазалығын және тиімділігін арттыруға бағытталған. Зерттеу барысында сүт қышқылды микроорганизмдердің жаңа штамдары, сондай-ақ жергілікті өсімдік және қайта өңделген шикізат (зығыр, қамыс, техникалық қарасора) қолданылады.

Жобаның негізгі мақсаты – ғылыми-білім беру биотехнологиялық зертханасын және балық азығын өндіру цехын құру, сондай-ақ жабық су айналымы қондырғысында (ЖСАҚ) тауарлық балық өсірудің тиімді технологияларын әзірлеу.

Зерттеу міндеттері өсімдіктердің өнімділігіне өсу стимуляторларының әсерін анықтау, тұқымдардың өну энергиясын зерттеу, сондай-ақ микроорганизмдер мен қайталама шикізатты пайдалану арқылы балық азығының құрамын жетілдіруді қамтиды. Жоба аясында инновациялық биотехнологиялық әдістер негізінде сапалы жемшөп пен өсімдік шикізатын алу жоспарлануда.

Жобаны жүзеге асыруға 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы және 3 магистр қатысуда. Зерттеу нәтижелері ауыл шаруашылығы мен жемшөп өндірісі салаларында қолдануға бағытталған.

Сонымен қатар, кафедрада тұрақты түрде ғылыми-білім беру іс-шаралары өткізіліп тұрады. 2026 жылғы 25 ақпанда «Цифрландыру – балық шаруашылығын дамыту тетігі» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараны ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қ.С. Ирзагалиев өткізді. Оған барлық курс студенттері қатысып, баяндамалар жасады. Сондай-ақ сала маманы, «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры Б. Мухатжиев өз тәжірибесімен бөлісті.

Осылайша, университетте жүзеге асырылып жатқан білім беру, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибе бағытындағы жұмыстар тұрақты аквамәдениетті дамытуға, инновациялық технологияларды енгізуге және балық шаруашылығы саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Іс-шара сілтемесі:

  • «Балық өнеркәсібінің трендтері мен инновациялары 2025: Global Fishery Forum & Seafood Expo Russia-мен негізгі қорытындылар» семинар

https://www.instagram.com/p/DRUV-         tBDGF0/?img_index=1&igsh=bGdhcGRuY3VwY3Vt