Тұрақты қалалар және елді мекендер
-
«Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығына арналған сенбілік»
«Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығына арналған сенбілік» және «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Сенбіліктің басты мақсаты —университет аумағын тазалау, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы студенттер мен қызметкерлердің қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, табиғатқа ұқыпты көзқарас қалыптастыру. Мақсаттар: • Университет ұжымында экологиялық сана мен ұжымдық рухты нығайту; • Таза және жайлы оқу ортасын қалыптастыру; • Қоршаған ортаға қамқорлық жасау арқылы жастардың экологиялық мәдениетін арттыру және қалыптастыру.

-
«Ғалымдар аллеясында» тал егу акциясы өтті Ғалымдар аллеясында тал егу акциясы өтті 13 сәуір күні Ғылым күні мен Халықаралық өсімдіктерді бағалау күніне орай “Ғалымдар аллеясында” тал егу акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Ерболатқызының қолдауымен және Экокампусты дамыту бөлімінің бастамасымен өтті. Акция барысында университеттің әр факультетінің профессор-оқытушылар құрамы өздеріне атаулы ағаш отырғызып, кампусты көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысты. Іс-шараның басты мақсаты – университет аумағын көркейту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыру. Айналамыздың тазалығы мен жасыл желекке толы болуы қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Сондықтан кампусымыздың гүлденуі мен көркеюі әрқайсымызға тікелей байланысты. Акция аясында жалпы саны 50 түп ағаш отырғызылды.
-
Дала өркениетінің мұрасы: халықаралық симпозиумдағы маңызды ойлар
Елордамыз Астана қаласында «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті.
Симпозиумның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Алтын Орданың ұлт тарихындағы орны мен дала өркениетіндегі маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеудің ұлттық тарихи сананы жаңғыртудағы рөліне тоқталды.
Ауқымды халықаралық жиынға әлемнің 20-дан астам елінен келген тарихшы-медиевистер, археологтар, түркітанушылар, шығыстанушылар, мәдениеттанушылар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысуда. Симпозиум тарихи жадыны жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік сабақтастықты ғылыми негізде талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары — тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов Жұмабайұлы және тарих ғылымдарының кандидаты Марат Касенов қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Профессор Сайпулла Сапанов Жұмабайұлы «Алтын Орда мұрасы және Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатындағы тарихи сабақтастық» тақырыбында баяндама жасап, Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі тарихи-саяси ықпалына кеңінен тоқталды. Ғалым өз сөзінде Алтын Орданың басқару жүйесі, дипломатиялық тәжірибесі мен сауда байланыстары кейінгі Қазақ хандығының қалыптасуына тікелей әсер еткенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, түркі мемлекеттерімен ынтымақтастығы және Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бастамалары тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырылды.
Профессор Алтын Орда дәуіріндегі халықаралық дипломатияның Мысыр мәмлүктерімен, Византиямен, Русь кінәздіктерімен және Еуропа мемлекеттерімен байланыс орнатуда маңызды рөл атқарғанын айтып, бұл тәжірибе қазақ мемлекеттілігінің саяси дәстүрлерінде жалғасын тапқанын жеткізді. Сондай-ақ Алтын Орда мұрасын зерттеу ұлттық тарихи сананы нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін терең түсінуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Симпозиум барысында ЮНЕСКО Бас директорының м.а.о. Элунду Ассомо Лазар Алтын Орданы тарихи бірліктің, мәдени алмасу мен өркениеттер диалогының символы ретінде бағалады. Оның айтуынша, ЮНЕСКО-ның басты мақсаты — Алтын Орданы тек тарихи мемлекет ретінде ғана емес, Еуразия халықтарын, мәдениеттері мен дәстүрлерін тоғыстырған бірегей дала өркениетінің үлгісі ретінде таныту.
Халықаралық симпозиум аясында айтылған ғылыми тұжырымдар мен пікірлер Алтын Орда мұрасын жаңаша зерделеуге, ұлттық тарихты терең тануға және тарихи сабақтастықты заманауи тұрғыдан бағалауға мүмкіндік беруде.

-
"Таза Қазақстан – ортақ үйіміз"
Бүгін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде кең көлемді көгалдандыру жұмыстары өтті. Аталған игі бастама Мемлекет басшысының қатысуымен тікелей эфирде ұйымдастырылып, бүкіл ел бойынша бір мезетте жүзеге асырылды.
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті бұл маңызды шарадан тыс қалмай, белсенділік танытты. Акцияға жалпы саны 130-дан астам адам қатысып, олардың қатарында студенттермен бірге университеттің профессор-оқытушылар құрамы да болды. Қатысушылар Атырау қаласындағы «Жастар» саябағында ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Университетіміздің жастары мен ұстаздары мұндай бастамаларға белсене қатысу арқылы жоғары экологиялық мәдениетін көрсетіп қана қоймай, ел болашағына деген жауапкершілігін айқындай түсуде.

-
Дәстүрлі ойындар тақырыбында Science Café өтті
Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Ұлттық кітап күніне орай «Балалар мен жастарды дәстүрлі ойындар мен фольклорлық спорттық жарыстар арқылы тәрбиелеу жолдары» тақырыбында кезекті Science Café алаңы өтті.
Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастар тәрбиесіндегі дәстүрлі ойындардың маңызы, сондай-ақ фольклорлық спорт түрлерінің тәрбиелік және танымдық рөлі талқыланды.Science Café алаңының спикері – тарихшы, өлкетанушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымов.
Шара аясында қазақ халқының ұлттық ойындары мен спорттық дәстүрлеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, асық ату, тоғызқұмалақ, көкпар, орамал тастау секілді ұлттық ойындардың балалар мен жастардың ой-өрісін дамытудағы, ұйымшылдыққа, ептілікке және ұлттық рухқа баулудағы орны туралы айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұлттық ойындарды насихаттау мен оларды жас ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдану мәселелері бойынша ұсыныстарын білдірді.
-
«Құмаршық – өмір нәрі»: тағылым мен тарих тоғысқан дөңгелек үстел
Халқымыздың өткен тарихында ерекше орын алатын құмаршықтың мән-маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған «Құмаршық – өмір нәрі» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның басты мақсаты – құмаршықтың тарихи, әлеуметтік, тағамдық әрі танымдық қырларын жан-жақты талқылай отырып, оның халық өміріндегі орнын айқындау, сондай-ақ ашаршылық жылдарында елді аман сақтап қалудағы рөлін кейінгі ұрпаққа жеткізу болды.
Дөңгелек үстел барысында құмаршықтың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі маңызы, табиғи ортада таралу ерекшеліктері және тағамдық құндылығы кеңінен сөз етілді. Әсіресе, нәубет жылдарында халыққа қорек болып, талай жанның өмірін сақтап қалған қасиеті ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, құмаршықтың ұлттық жадтағы рухани-мәдени сипаты, оның әдебиет пен публицистикадағы көрінісі, архивтік деректер негізіндегі ғылыми тұжырымдар да талқыланды.
Іс-шараны ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Құспанғалиева Хансұлу Құспанғалиқызы кіріспе сөзбен ашып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
Жиын барысында журналист, «Құмаршық дәні» композициялық ескерткішінің авторы Тұрсын Жұмабекқызы Қалимова «Құмаршық – тамырын жайған тіршілік» тақырыбында баяндама жасап, құмаршықтың тек азық емес, халықтың өміршеңдігінің символы екенін атап өтті.
Ал Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Құмаршық» кітабының авторы Бектенов Мұрат Бектенұлы «Ашаршылықтан халықты құтқарған Құмаршық» атты баяндамасында тарихи деректерге сүйене отырып, құмаршықтың ел тағдырындағы шешуші рөлін кеңінен баяндады.
Кездесу соңында еркін пікір алаңы ұйымдастырылып, ғалымдар мен қатысушылар құмаршықтың тарихи, әлеуметтік және тағамдық маңызы төңірегінде ой бөлісті. Пікірталас барысында ұлттық құндылықты дәріптеу, оны жастарға таныту және насихаттау жолдары ұсынылды.
Аталған шара – өткен тарихты зерделеп қана қоймай, ұлттық мұраны жаңғыртуға, жас ұрпақтың туған жер тарихына деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды басқосу болды.

-
Атырау университеті өкілдері Сарайшықтағы республикалық пресс-турға қатысты
27 наурызда «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен өткен «Ортағасырлық Сарайшықты зерттеу, сақтау, жаңғырту жұмыстары және келешегі» тақырыбында пресс-турға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессор-ғалымдары мен Медиаорталық мамандары қатысып, өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен жан-жақты танысты.
Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері мен қатысушыларға ортағасырлық Сарайшық қаласы орнында соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер, археологиялық қазба жұмыстары, реставрация және музейлендіру үдерістерінің нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, 2021–2025 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазбалар кезінде табылған бірегей жәдігерлер мен қайта қалпына келтірілген тарихи бұйымдардың көрмесі ұсынылды. Музей-қорық археологтары 2025 жылы Сарайшық, Қарағайлы, Ұшқан, Ащысай ескерткіштерінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүзеге асырған.
Сонымен қатар іс-шара барысында музей-қорықтың соңғы ғылыми басылымдары көпшілік назарына ұсынылды. 2025 жылы мекеме ғалымдарының зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалып, Scopus деректер базасына енген ғылыми журналдарында жарияланғаны атап өтілді. Бұл еңбектер әлемнің жетекші ғылыми мекемелеріне, соның ішінде АҚШ Конгресі кітапханасына, Италияның Рим қаласындағы кітапханаларға, Түркиядағы Анкара университетіне, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының ғылыми-зерттеу ұйымдарына жолданып, Сарайшық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосуда.
Музей-қорықта цифрландыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Сарайшық сапар орталығы экспозициясындағы 382 жәдігер мен қазба нысандарына тарихи деректер енгізілген QR-кодтар орнатылған.
Пресс-тур бағдарламасы аясында қатысушылар ортағасырлық Сарайшық қалашығындағы жаңғырту жұмыстарымен, «Хан моласы» нысанында жүргізілген қалпына келтіру жобаларымен танысты.Бұл басқосу Медиаорталық мамандары үшін маңызды тарихи деректерді көпшілікке кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

-
Ұлттық киім - ұлт рухының салтанатты шеруі
Бүгін Атырау қаласында Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз — Ұлттық киім күніне орай ауқымды Ұлттық киім шеруі өтті.
Салтанатты шеру Сұлтан Бейбарыс алаңынан басталып, Исатай–Махамбет алаңына дейін жалғасты. Жалпы шеруге 4 мыңға жуық адам қатысып, ұлттық бірліктің жарқын көрінісін көрсетті.
Бұл шеруге Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұжымы мен студенттері белсене қатысып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге өз үлестерін қосты.
Шара барысында университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қазақтың дәстүрлі ұлттық киімдерін киіп, халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрінің айшықты көрінісін паш етті.
Ұлттық нақышта киінген мыңдаған атыраулықтар әдемі кештің куәсі болып, мерекелік көңіл-күйді бірге бөлісті. Салтанатты шеру концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауымға көтеріңкі рух сыйлады.
Осы игі бастаманы қолдап, ұлттық мәдениетіміздің дамуына үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
- An evaluation for sustainable urban planning of Qonayev City in Kazakhstan through residents’ perception.
- Hydrochemical Analysis of Salt Lakes in the Caspian Lowland of the Mangistau Region of the Republic of Kazakhstan.
- Ортағасырлық Сарайшық қаласынан табылған жәдігерлер мотивтерін қайта жаңғырту жұмыстары
- Анализ энергообеспечения в жилищном хозяйств Республики Казахстан