Әскери кафедраға оқуға студенттерді қабылдау және іріктеу тәртібі

18.03.2026 49

Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студенттер оқуға түскен (қабылданған) жылдың 1 ақпанынан бастап "электрондық үкіметтің" веб-порталы, www.egov.kz. бойынша өтініш береді.

Қажетті құжаттар тізімі:

1) қабылдау туралы өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

3) өлшемі 3х4 сантиметр фотосурет - 4 дана;

4) соттылығының болуы не болмауы туралы анықтама;

5) факультет пен мамандықты көрсете отырып, ЖЖОКБҰ-да нақты оқу туралы анықтама.

Өтінішті қабылдау келіп түскен (қабылданған) жылдың 30 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылады.

Әскери кафедрада оқуға студенттерді іріктеу процесі төрт кезеңде жүзеге асырылады:

бірінші кезең - әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы Ережеге сәйкес медициналық куәландырудан өту.

екінші кезең - кәсіби-психологиялық тестілеуді өткізу;

үшінші кезең - дене шынықтыруды тексеру;

төртінші кезең - рейтингтік балдың есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу, бұл ретте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген студенттер үшін үлгерімнің орташа балы дипломға қосымшаның негізінде айқындалады.

Конкурстың әр кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.

Мерзімді қызмет өткерген студенттер конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінен өтеді және әскери билет негізінде қабылданады.

Медициналық куәландырудан өтпеген студенттер конкурсқа жіберілмейді.

Студенттердің дене дайындығы дене шынықтыру нормативтерін тапсыру нәтижелерімен бағаланады. Үш норматив тапсыру нәтижесі бойынша 9 балл жинамаған студенттер конкурс кезеңінен өтпеген болып есептеледі.

Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеу ЖЖОКБҰ-ның компьютерлік сыныптарында жүргізіледі және мотивация, стресске төзімділік, сыни және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.