Кафедра тарихы

15.04.2026 148

Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының бастау тарихы жалпы университет тарихымен тығыз байланысты. Гурьев педагогика институтының құрамында тарих, тіл және әдебиет пәндері мұғалімдерін дайындаудан басталады. (1956 жыл), алғаш КСРО тарихы, Дүниежүзілік тарих болып құрылған кафедралар, кейін Отан тарихы, Қазақстан тарихы, Тарих және тарихты оқыту әдістемесі, Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы, Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы болып өзгертілген, қазіргі атауы – Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасы.

Кафедраның ғылыми әлеуетінің нығаюына және мамандарды дайындау ісіне сүбелі үлестерін қосқан өңірімізге танымал ғалым-педагогтар, ардақты ұстаздар З.А.Алдамжаров, Ү.С.Қыдыралин, Ғ.А.Аманғосов, Х.Б.Табылдиев,  И.К.Камешев, К.Қ.Қайырбекова, Ж.Б.Бақи, Ғ.Н.Нығмет, Т.Т.Төлепбергени, С.А.Хисматуллин, А.П.Марданов, Ә.Ү.Ермағамбетова, Ж.Ж.Мұстафин, Ш.Н.Нағымов, Ж.Т.Таңатарова, А.В.Блохин, Н.М.Борисова, Г.Б.Каленова, Ж.К.Жұмабаева, С.Н.Сармурзина, К.Б.Меңдігереев, С.Т.Даукеновтер және тағы басқалар жемісті еңбек етті.

Университетке тарихшы ғалымдарды жергілікті кадрлар есебінен дайындау үшін ҚР Білім министрлігінің бұйрығы бойынша 1994 жылдан бастап кафедра жанынан аспирантура, 2006 жылы магистратура ашылды. Кафедра құрылғаннан бері 10 кандидаттық, 3 докторлық диссертациялар қорғалды. Кафедра профессорлары, т.ғ.д. Ү.Қыдыралин, Х.Табылдиев, А.Сарсенов, Ә.Мұқтар 07.00.02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы) мамандығы бойынша Қазақстан және Ресей ғалымдарын біріктірген М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Біріккен Диссертациялық Кеңестің мүшелері болды.

Кафедра  ұжымы  республика және шет елдердің көрнекті ғалымдарымен тығыз байланыс жасап келеді. Тарих саласында маман даярлау аясында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен, Ә.Марғұлан атындағы Археология және этнология институтымен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен, Қалмақ мемлекеттік университетімен, Батыс Қазақстан тарих және археология орталығымен, тағы басқа ғылыми-зерттеу мекемелері және оқу орындарымен ғылыми, әріптестік байланыс орнаған. Әр жылдары Ұлттық Ғылым Академиясы Шығыстану институтының бас маманы, т.ғ.д., профессор К.Есмағамбетов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас маманы, т.ғ.д., профессор С.Мажитов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессорлары, т.ғ.д. М.Қойгелдиев, Қ.Қаражанов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары, т.ғ.д. Б.Ирмұқанов, Ғ.Халидуллин, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессорлары, т.ғ.д. Х.Әбжанов, Ө.Озғанбай, Москвадан – профессорлар, т.ғ.д. Н.Бекмаханова, Д.Аманжолова, Элистадан – профессорлар, т.ғ.д. П.Кольцов, А.Команджаев, В.Колесник және тағы басқалары жас ғалымдар мен аспиранттарға, магистранттарға ғылыми кеңестер беріп, студенттерге арнайы курстардан дәрістер оқыды.

2025-2026 оқу жылында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары, т.ғ.д.  Ғ.Халидуллин, т.ғ.к. Б.Жумагулов, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессорлары, тарих ғылымдарының кандидаттары Б.Найманбаев, Б.Исабек, Витаутаса Великого университетінің профессоры, т.ғ.д. Доминанкас Бурьба, Сумгайт университетінің профессоры, т.ғ.д. Ю.Л.Гасанов жас ғалымдар мен магистранттарға ғылыми кеңестер беріп, студенттерге арнайы курстардан дәрістер оқыды.

Қазақстан тарихы кафедрасында маман даярлаудың қос деңгейлі жүйесі (5В011400-Тарих, 5В020300-Тарих бакалавриат, 6М01140-Тарих, 6М020300-Тарих магистратура) қызмет етеді және олар арнайы ұлттық аккредитациялаудан өткен. 1993 жылдан бастап кафедрада 800-ден аса маман, 11 аспирант, 100 -ден аса магистрант даярланды.

1991 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан уақыт өлшемінде кафедрадағы «тарих», «тарих және құқық», «тарих және география», «тарих және музей ісі», «тарих және дінтану» мамандануы бойынша мамандар әзірленді. Қазіргі уақытта кафедра 6В01601 – «Тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы-зерттеуші, гуманитарлық пәндер оқытушысы», 6В01602 – «Тарих және қоғамтану», 6В02201 – «Тарихшы-зерттеуші, гуманитарлық пәндер оқытушысы», 7М01601 – «Тарихшы-педагог», 7М02201 – «Тарихшы-зерттеуші», 8D02201 – «Тарихшы-зерттеуші» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды.

Кафедра мүшелері тек соңғы жылдары 25 монографиялық еңбек, 300-ге жуық ғылыми мақалалар жариялады, 16 халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық конференцияларды ұйымдастырды («Алашорда мұраты – тәуелсіздік жетістігі», «З.Қабдолов оқулары», «Х.Досмұхамедов оқулары», «Қазақстан-2050 Стратегиясы және ұлт зиялылары», «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетану ролі»  және тағы басқалары).

2013 жылы маусым айында кафедра ғалымдары – Ж.Таңатарова, Л.Бердіғожин, С.Қуаныш Ұлттық тарихты зерделеу мәселесі бойынша Ведомоствоаралық жұмысшы тобының кеңейтілген отырысы жұмысына қатысып,  кейін кафедра ғалымдары Ж.Таңатарова, Л.Бердіғожин, А.Ахмет, С.Қуаныш, Г.Қайрғалиева, М.Қасенов облыс әкімі жанындағы Ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңес құрамына кірді.

Кафедра оқытушылары «Өлке тарихының өзекті мәселелері», «Қазақстанның орта ғасырлық және қазіргі заман тарихы проблемалары», «Батыс Қазақстанның археологиялық-этнографиялық мұраларын зерттеу мәселелері» атты тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Мысалы, п.ғ.к. Ш.Нағимов Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім Академиясымен бірлесе «ХХ ғасырда Батыс Қазақстанда педагогикалық ақыл-ойдың дамуы» тақырыбында инновациялық жобамен, «Атырау өлкесінің саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдерінің тағдыры (ХХ ғ. 30-50 жж.)» жобамен, т.ғ.к. Н.Сармурзина «Қазақстанның батыс облыстарындағы оралмандардың саяси, әлеуметтік-мәдени бейімделу мәселелері» тақырыбындағы жобамен; т.ғ.к. М.Қасенов «Солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс Каспий аймағының археологиялық ескерткіштері» және «Солтүстік-шығыс Каспий аймағының ортағасырлық қалалары» атты халықаралық іргелі зерттеу жобасы бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыруда. 

2011-2013 жылдары кафедра т.ғ.к. Ә.Ермағамбетованың жетекшілігімен Атырау өлкесінің тарихына арналған «Атырау облысының тарих-мәдени ескерткіштерінің жиынтығы. Исатай және Құрманғазы аудандары» және «Атырау облысы тарихи ескерткіштерінің қорғау объектілерінің картасы» атты іргелі зерттеу жұмыстарын жариялады.

Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында білім алушыларға арнап оқулықтар мен оқу құралдарын да жазуда. Мысалы, доцент Ш.Нағимовтың «Мәдениеттану», «Қазақ халқының рухани мәдениетінің тарихы» атты оқулықтары ЖОО арналған оқулықтардың қатарында жарық көрді. Профессор А.Ахметтің «Мұрағат әлеміне саяхат», доцент Ш.Нағимовтың «ҚР халықтары мәдениетінің тарихы», доцент Г.Қайрғалиеваның «Дәстүрлі қазақ қоғамы: әлеуметтік құрылымдар» атты оқу құралдары ҚР ЖОО Қауымдастығының жоспарына сай дайындалып, жарық көрді.

2011-2016 жылдары кафедраның оқытушылары Алматы қаласындағы Республикалық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық Орталығында тағылымдамадан өтті. Студенттердің үздік ғылыми шығармалары халықаралық, республикалық ғылыми жобалар байқауына жіберіліп тұрады. Мысалы, М.В.Ладошин атындағы Челябинск экономика және құқық институты базасында өткен «Идеи молодых – национальное достояние» атты VII Бүкілресейлік студенттердің ғылыми-практикалық конференциясына студент А.Төлебаевтың «Роль таможни Оренбургской губернии в вывозе  продуктов скотоводства из казахской степи на рынки  Российской империи в XIX веке» жобасы, студент Н.Серікованың «Этнокультурные отношения народов Приуралья (XVIII-XX вв.)» жобасы және «Историко-культурное наследие Оренбургского края и Приуралья» атты Ресей мен Қазақстан жас ғалымдарының Халықаралық конкурсында студент Н.Үттібаевтың «Корчемство соли в Оренбургской губернии и приграничных территориях по местам кочевок казахов Букеевской орды» жобасы жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

2011-2015 жылдары 5В011400-Тарих, 5В020300-Тарих мамандықтары студенттері Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан қалаларында өткен «Тарих», «Археология және этнология», «Дінтану және теология» мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасы ЖОО студенттері арасындағы Республикалық пәндік Олимпиадалардан үнемі жүлделі ІІ және ІІІ орындары иеленіп келеді.

Кафедраның аға оқытушысы Г.Ш.Шұғаепованың жетекішілігімен студенттердің тарихи «Мұра» үйірмесі жұмыс істейді. Жыл сайын студенттер «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде кафедра оқытушыларының жетекшілігімен Сарайшық тарихи кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді, 2006 жылы т.ғ.к., археолог-ғалым М.С.Қасеновтің жетекшілігімен (Археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығы) өлкемізде қазба жұмыстарына арналған экспедиция жұмысына тарихшы студенттер белсене қатысты, ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти, Сарайшық, Қорғанша қалаларындағы, Таскешу керуен-сарайындағы, облыс көлеміндегі сармат дәуіріне қатысты қорғандарда, Ресей Федерациясының Қалмақ Республикасындағы  қазба жұмыстарында археологиялық практикадан өтіп, археологиялық экспедиция арқылы өлке тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге өз үлестерін қосты.

2012, 2014 жылғы университет ректорының қаржыландыруымен және оқу археология-этнология орталығымен бірлескен археологиялық экспедиция – практика  жұмыстары нәтижелі болды. Әсіресе, Жолайшағыл қорымынан, Жангелді қорғанынан табылған сармат дәуірінің алтыннан жасалған әшекей бұйымдары ғылым әлемінде үлкен жаңалық болып, экспедиция барысында жинақталған құнды жәдігерлер университет мұражайына тапсырылды. Тарих  мамандығының  магистратурасын  аяқтап  кафедра  жанындағы  докторантураға  түсіп, кейін 2011жылы  докторантура  жабылуына  сай  Абай  атындағы  Қаз  ҰПУ  докторантурасына  ауысқан  Динара  Ұлықпанқызы  Хамидуллина  2014  жылы «Қазақстандағы «арнайы контингенттің» күнделікті өмірі (ХХ ғасырдың 30-50-шы жылдары)» тақырыбында 6D020300 – Тарих  мамандығы  бойынша  философия  докторы  дәрежесін  сәтті  қорғады. Кафедра студенттері Әсел Мұхамбетқалиева, Арай Артықбаева, Айзада Байғалиева, Сайрагүл Тұржанова, Асылжан Сарсенғалиев академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде, Қалмақ мемлекеттік университетінде білімдерін жалғастырса, академиялық ұтқырлық аясында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 1 курс студенттері Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қаласындағы археологиялық практикадан өтті. 2014  жылы кафедра  мамандықтары  арнайы институциональдық  аккредитациядан  өтті. 2015  жылы қазақ  хандығының  550 жылдығына  сай  халықаралық  «Қазақ хандығынан Тәуелсіз  Қазақстанға» атты  ғылыми  конференция  өтті. Бердіғожин  Л.Б., Сарсенов А.С.  бастаған  ғалымдар  Атырау  қаласы  мен  облысы  мектептерінде  «Қазақ  мемлекеттілігі  тарихындағы  Қазақ  хандығы  орны  мен  ролі» тақырыбында  лекциялар  ұйымдастырды.

2017 жылы Рухани  жаңғыру  бағдарламасы  аясында  Л.Бердіғожин, А.Ахмет, Ж.Жұмабаева, Н.Сармурзина  РФ  Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахан, Орынбор  архивтерінде  жұмыс  жасады. Университет  алдында  «тұлғалар  аллеясының» ашылуына  да  кафедра  ұжымы  белсене  араласты. 2018  жылы  кафедраның  қауымдастырылған  профессоры  Гүлфайруз  Қайырғалиева  «ЖОО  Үздік  оқытушысы» байқауының  жеңімпазы  атанды.

Кафедра меңгерушісі қызметін 2009-2018 жж. Серік Орынғалиұлы Қуаныш, 2018-2020 жж. Хамидуллина  Динара  Ұлықпанқызы, 2020-2022  жылдар  аралығында  Бердіғожин  Лесқали  Базарғалиұлы атқарды, 2022  жылдан күні бүгінге дейін  Алипова  Дана  Жемғалиқызы атқарып келеді.

2019 жылы және 2024 жылы кафедра  мамандықтары  институциональдық  аккредитациядан сәтті өтті. 2019 жылы мамандықтардың  оқу  бағдарламалары  түгел  жаңартылды.  Жаңа білім бағдарламалары  бойынша бакалавриат  6В01601 – «Тарих пәні мұғалімі,  тарихшы зерттеуші, гуманитарлық пәндер оқытушысы»; 6В02201 – «Тарихшы зерттеуші, гуманитарлық пәндер оқытушысы», магистратура  7М01601 – «Тарихшы-педагог», 7М02201 – «Тарихшы-зерттеуші» болып  өзгертілді. Ал, 2024 жылы 6В01602 – «Тарих және  қоғамтану» білім бағдарламасы ашылды, 2025 жылы институциональдық аккредитациядан өтті.

2019  жылдан  басталған  докторантура  ашу  жұмысы  оң  нәтиже  беріп 2024 жылы 8D02201 – «Тарихшы-зерттеуші» білім бағдарламасы  бойынша  докторантура  ашылды, алғашқы  докторанттар  қабылданды. Қазір 4 докторант білім алуда.

2023 жылы  университет  хабаршысының  «тарих  және  археология» бағыты  ҚР  Ғылым  және  жоғары  білім  министрінің  шешімімен  ғылыми  еңбектер  нәтижелері  жарияланатын  ККСОН  тізбесіне  енгізілді. Хабаршының  редакциялық  алқа  құрамында  кафедраның  жоғары  білікті  ғалымдары  Л.Бердіғожин, А.Сарсенов, С.Сапанов, Г.Қайырғалиева  бар.

2017-2020 жылдары аралығында кафедраның жас  оқытушылары  Зайнов  Амангелді  Мұғауұлы  Л.Гумилев  атындағы  Еуразия  ҰУ  археология  және  этнология  саласы  бойынша, 2018-2021 жылдар аралығында  Алипова Дана  Жемғалиқызы  Абай  атындағы  Қаз  ҰПУ   «Отан  тарихы» саласы  бойынша  және  Джамбаулова  Гүлмира  Ақеңбекқызы тарихты  оқыту  әдістемесі  саласы  бойынша  докторантураны бітірді.

 

Кафедра  ұжымы  соңғы  жылдары  өлкедегі  ірі  ғылыми  жобаларға  қатысы:

  • 2018-2020 жылдарға  арналған «Қазақ  тарихындағы  билер, батырлар, тархандар  мен  қожалар  институты ҚР  Білім  және  ғылым  министрлігінің  грантты  қаржыландыруымен»,
  • 2020-2023  жылдары Қазақстанның  батыс  өңіріндегі  саяси  қуғын  сүргін  құрбандарын  толық  ақтау (Атырау  облысы  әкімдігі  қаржыландыруымен);
  • 2020-2023  жылдары  Атырау  облысының  тарихы (кешенді  үш  томдық  және  қазақ, орыс, ағылшын  тілдерінде) ҚР  Білім  және  ғылым  министрлігінің  грантты  қаржыландыруымен;

2023-2025  жылдары  Қазақстанның  батыс  өңірінің  әскери  тарихы (ҚР  Ғылым  және  жоғары  білім  министрлігінің  гранттық  қаржыландыруымен). Сондай-ақ, Сарайшық  республикалық  музей  қорығы, Атырау  облыстық  тарихи  өлкетану  музейі, Атырау  облысы  мемлекеттік  архиві  ғылыми  шараларына  кафедра  ғалымдары  белсенді  атсалысуда.

 

2020  жылы тарихшы  ғалымдар  ұйымдастыруымен  Хисмет  Табылдиев  атындағы  Каспий  өңірі  тарихы, археологиясы  және  этнологиясы  ғылыми  зерттеу  институты  ашылды. Осы  жылы  институт  археологиялық  қазба  жұмысын  жүргізуге  мемлекеттік  лицензия  алды.

2024  жылы  тарихшы  студенттер  педагогикалық тарих  бағыты  бойынша  республикалық  пәндік  олимпиадада  жүлделі  бірінші  орынды  иеленді.

Кафедра  профессор-оқытушылар  құрамының  еңбектері  лайықты  марапатталды 2020  жылы  профессор  Шахман  Нағымұлы, 2021 жылы  профессор  Бердіғожин  Лесқали  Базарғалиұлы  мемлекеттік  «Ерен  еңбегі  үшін» медалімен  марапатталды. 2024  жылы Атырау  облысы  Мақат  ауданының  100  жылдығына  орай  кафедра  ғалымдары  қатысуымен  «Ғасыр  белесіндегі  аудан»  атты  ғылыми  танымдық  еңбек  жарық  көрді. Кафедра  оқытушылары  Бердіғожин  Лесқали  Базарғалиұлы  және  Қуаныш  Серік  Орынғалиұлы  «Мақат  ауданының  құрметті  азаматы» атанды.

Кафедраның көптеген түлектері университет, институт, колледж, мектеп оқытушылары, сонымен бірге әртүрлі ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, Парламент Сенаты, облыстық, қалалық, аудандық маслихат депутаттары, әкімшілік, құқық қорғау саласының, мұрағат, мұражай қызметкерлері.