Шымкент қаласында Уикипедияға мақала жазу бойынша семинар өтті
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұйымдастыруымен «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында семинар өтті.
Семинардың ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Рахымжанов Қайыржан Алдашұлы қазақ тіліндегі сапалы контентті толықтырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың өзектілігін атап өтті.
Жиынға Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орнынан 80-нен астам профессор-оқытушы қатысып, тәжірибе алмасты. Семинар барысында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, постдокторант Дауткулова Ақмарал Қалиярбекқызы қатысушыларға Уикипедия платформасына тіркелу, энциклопедиялық мақала тақырыбын дұрыс таңдау және сапалы контент дайындау жолдары туралы жан-жақты мәлімет берді.
Сонымен қатар, Уикипедияның белсенді қатысушысы Тургунов Музаффар семинарға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Уикипедия ережелерін, ғылыми мақала мен энциклопедиялық мақаланың айырмашылығын түсіндірді
Қатысушылар қазақ тілді ақпараттық кеңістікті дамытудағы, соның ішінде Уикипедия энциклопедиясының мазмұнын толықтырудағы бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда мұндай жұмыстардың нәтижесінде мыңдаған оқырман сенімді әрі сапалы ақпаратқа қол жеткізіп отыр.
Семинар соңында қатысушылар спикерлерге алғыс білдіріп, алдағы уақытта Уикипедия жобасына белсенді үлес қосуға ниет білдірді. Мұндай бастамалар цифрлық дәуірде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды іс-шара болды.
📷 Дополнительные изображения