Media Image
22.03.2026 12

22 НАУРЫЗ – ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, ырыс пен берекенің бастауы болған ұлық мереке.Бұл күн – табиғаттың түлеп, тіршіліктің қайта жанданатын шағы. Ғасырлар бойы ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан бұл мереке – бірлік пен татулықтың, ізгілік пен мейірімнің символы.

 

Биыл Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті ұлттық дәстүр мен заманауи үрдісті ұштастыра отырып, Наурыз мерекесін ерекше форматта атап өтті.

 

Қаланың орталығы Исатай-Махамбет алаңында тігілген алты қанат киіз үйде өткен думанды шарада ұлттық құндылықтар дәріптеліп, заманауи цифрлық мазмұнмен толықтырылды.

 

Киіз үйдегі іс-шараны Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті ұйымдастырып, ұлттық салт-дәстүрлер – бата беру, тұсау кесу рәсімдерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, іс-шара барысында Digital Nauryz 2026 аясында студенттердің жасанды интеллект негізінде әзірлеген түрлі жобалары таныстырылды. Киіз үй маңында Kahoot платформасы және өзге де цифрлық технологиялар арқылы ұйымдастырылған интеллектуалды ойындар өткізіліп, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

 

Факультет оқытушы-профессорлар құрамының бірлесуімен дайындалған жеті дәннен пісірілген наурыз көже алаңға келген қонақтарға ұсынылып, ұлттық тағамның мән-маңызы кеңінен насихатталды.

 

Тазалық пен татулықтың, жаңару мен ізгіліктің символына айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы баршаңызға құт әкелсін! Күн мен түн теңелген осы ерекше кезеңде Атырау университеті ұжымының әрбір мүшесіне және олардың отбасына амандық, зор денсаулық, бақ-береке тілейміз.

📷 Дополнительные изображения