Media Image
21.01.2026 6

Әдістемелік декада аясында цифрлық құралдар бойынша практикум өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Білім сапасы және еңбек нарығының талаптары» атты дәстүрлі әдістемелік декада аясында мазмұнды әрі өзекті бастамалар жүзеге асырылуда. 

Аталған декада шеңберінде «Интерактивті контентті жобалау және оқу үдерісін дербестендіру» тақырыбында практикум ұйымдастырылды. Практикалық сабақты Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Бақтыгүл Оңғарсынқызы мен АКТ әзірлеу және дамыту орталығының жетекшісі Жандаулет Жанболатұлы жүргізді. 

Шара барысында оқытушыларға оқу үдерісінде кеңінен қолдануға болатын заманауи цифрлық құралдар мен платформалардың мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, MOOC (Massive Open Online Course) форматындағы онлайн курстарды әзірлеу, бейнесабақтарды кәсіби деңгейде түсіру және өңдеу тәсілдері, сондай-ақ Platonus білім беру жүйесінде интерактивті тапсырмалар мен белсенді элементтерді құрастыру жолдары практикалық түрде көрсетілді. 

Сонымен қатар, білім алушылардың жеке оқу траекториясын қалыптастыру, оқу мазмұнын дербестендіру, интерактивті контент арқылы студенттердің қызығушылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар нақты мысалдар негізінде цифрлық шешімдерді сабақта тиімді қолдану жолдарын меңгеріп, өз тәжірибелерінде пайдалануға қажетті практикалық дағдыларға ие болды. 

Практикум оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға және білім беру сапасын еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкестендіруге бағытталған маңызды тәжірибе алаңына айналды.