Media Image
10.09.2025 16

"Атырау" газеті: Білім Отанға деген сүйіспеншілік — нәтижел

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында қазіргі заман жастарының патриотизмді қабылдау ерекшелігіне өте дұрыс әрі дер кезінде назар аударды. Бұл – біз, жаңа буын өкілдері үшін өте маңызды мәселе деуге болады.

Иә, бүгінгі жастар үшін патриотизм – жай ғана ұран тастап, сөз сөйлеу емес. Біздің түсінігімізде елге деген сүйіспеншілік – іскерлікпен, еңбекпен, біліммен, ғылыммен, технологиямен, нақты нәтижемен өлшенеді. Президенттің: «Жастар патриотизмді – жасампаздық пен жаңашылдық деп түсінеді» дегені – қазіргі буынның болмысын дәл сипаттайтын тұжырым.

Біз – тарихын ұмытпаған, бірақ болашаққа қарай ұмтылатын ұрпақпыз. Төл мәдениетіміз бен ана тіліміз – біздің рухани тірегіміз. Алайда заман талабына сай жаһандық ойлай алатын, технологияны меңгерген, әлемдік бәсекеге қабілетті болу да – біздің отаншылдығымыздың бір көрінісі. Қазақстанды көркейту, оны дамыған мемлекеттердің қатарына қосу – біздің нағыз мақсатымыз. Бұл бағытта нақты іспен айналысып жүрген жастар аз емес: стартап ашып, IT жобалар жасап, ғылыммен айналысып, әлеуметтік бастамалар көтеріп жүрген қатарластарым көп.

Президенттің жастарға деген сенімі – бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттің жасап жатқан қолдауын біз сезінеміз, бағалаймыз және соған сай еңбек етуге, өсуге тырысамыз. Жастарға арналған гранттар, білім беру бағдарламалары, кәсіпкерлік бастамаларға көрсетілетін қолдау – мұның бәрі бізге мүмкіндік терезесін ашып отыр. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті тиімді пайдалану.

Жолдауда айтылған тағы бір маңызды ой – «Кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз, бірақ ертең кім болатынымыз өз қолымызда» деген сөз. Бұл – біздің ұстанатын қағидамыз. Тарихқа құрмет – болашаққа сеніммен қараудың алғышарты. Біз осы сенімнің үдесінен шығуға бар күшімізді саламыз.

Мен белсенді жас ретінде өз қатарластарымды да дәл осындай көзқарасқа, нақты әрекетке үндеймін. Елді сүю деген – елге үлес қосу. Бұл тек ұранмен емес, күнделікті әрекетімізбен, білімімізбен, кәсібилігімізбен дәлелденетін қасиет.

Президенттің жастарға арнаған сенімі – біз үшін мотивация. Енді біз соған лайық болуға тиіспіз.

Эльвира РУСЛАНҚЫЗЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жастар саясаты департаментінің маманы