Media resources
СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
News

СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІНЕ АРНАЛҒАН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Университеттегі қауіпсіз орта: харассменттің алдын алу және құқықтарды қорғау» тақырыбында ақпараттық кездесу өтті.

Іс-шараны «Заманауи» қоғамдық қоры университетпен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге халықаралық заңгер, LLM дәрежесінің иегері Аяжан Ойрат спикер ретінде қатысты.

Кездесуді университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова ашып, бүгінгі басқосудың маңыздылығына тоқталды. Ол білім беру ордасында әрбір студенттің өзін қауіпсіз сезінуі, өз құқығын білуі және оны қорғай алуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ университетте өзара құрмет пен сенімге негізделген қолайлы орта қалыптастыру – баршаға ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.

Кездесу барысында қатысушыларға харассменттің түрлері мен көріністері, қудалаудың алдын алу және оған қарсы әрекет ету жолдары, өз құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар осындай жағдайларға тап болған кезде куәгерлердің қандай әрекет жасауы керектігі де талқыланды.

Заңгер Аяжан Ойрат тақырып аясында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын түсіндірді.

Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, харассменттің алдын алу және университет қабырғасында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.