Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде жұмыс берушілермен «Бүгінгі студент – ертеңгі әділдік қорғаушысы!» тақырыбында кездесу өтті. Кездесу 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ заңгерлердің кәсіби бағдарын қалыптастыру, құқық қорғау және әділет органдарының өкілдерімен тәжірибе алмасу арқылы студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, жұмыс берушілермен өзара байланысты нығайту, сондай-ақ оқу, ғылыми және қоғамдық қызметте жетістікке жеткен жастарды қолдау.
Жиынның ашылуында Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов студенттерді Халықаралық студенттер күнімен құттықтап, олардың университет өміріндегі белсенділігі мен жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ білім алушылардың кәсіби дамуына қолдау білдіріп, тәжірибелерімен бөлісуге келген құрметті қонақтарға алғыс айтты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша Департаменті, Полиция департаменті, Әділет департаменті және Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Кездесуге құрметті қонақ ретінде Қылмыстық саладағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры Ризуан Карткужаков, Атырау облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Анжанова, Әкімшілік бөлімінің басшысы Руфи Рамазанова, Атырау облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұхтар Бектұрғанов, Анықтау басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әнуар Төрәлі, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Айбол Ідрісов және Атырау облысы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Мейрам Кукатов қатысты.
Кездесу барысында құқық қорғау және заң саласындағы кәсіби қызметтің ерекшеліктері, жас мамандарға қойылатын талаптар, еңбек жолын бастаудың тиімді бағыттары мен мансаптық мүмкіндіктер талқыланды. Сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, студенттерге кәсіби біліктілікті арттыру, жауапкершілік пен заң талаптарын қатаң сақтау жөнінде кеңес берді.
Іс-шара соңында оқу, ғылыми және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, университет өміріне үлес қосқан студенттер Басқарма төрағасы – ректордың және шақырылған мекемелердің атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Кездесудің маңызды сәттерінің бірі – «Қайсар тергеушілер» үйірмесінің бес белсенді студентіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан қызметке жолдама табысталуы болды.
Бұл – студенттердің кәсіби білімге деген құштарлығының, тергеу қызметін меңгеруге бағытталған ізденісінің және таңдаған мамандығына деген жауапкершілігінің нәтижесі. Сонымен қатар аталған жетістік университетте теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыруға, жұмыс берушілермен байланысты нығайтуға және болашақ құқық қорғау саласының мамандарын сапалы даярлауға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын айқындайды.