Media resources
ӘДЕБИЕТ ПЕН МӘДЕНИЕТ – РУХАНИ БАЙЛАНЫСТЫҢ КӨПІРІ
News

ӘДЕБИЕТ ПЕН МӘДЕНИЕТ – РУХАНИ БАЙЛАНЫСТЫҢ КӨПІРІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде жазушы, аудармашы, абайтанушы және қоғам қайраткері Әкбар Мәжиттің «Әдебиет пен мәдениет – рухани қарым-қатынастың көпірі» тақырыбындағы қонақ дәрісі өтті.

Дәріске университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты. Кездесу барысында Әкбар Мәжит әдебиет пен мәдениеттің халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтудағы орнына тоқталып, көркем аударманың ұлттық әдебиеттерді жақындастырудағы маңызы туралы ой бөлісті.

Қаламгер әдебиет белгілі бір халықтың дүниетанымын, тарихи жадын, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын танытатын маңызды құрал екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір халықтың әдебиетін екінші тілге аудару арқылы оқырман өзге елдің мәдениетімен, өмір салтымен және ойлау жүйесімен жақынырақ танысады.

Қонақ дәрісте қазақ әдебиетінің әлемдік мәдени кеңістіктегі орны, Абай шығармаларының тәрбиелік және танымдық мәні, ұлттық мұраны дәріптеу мәселелері де сөз болды. Әкбар Мәжит өзінің шығармашылық және аудармашылық тәжірибесінен мысалдар келтіріп, сапалы аударма жасау үшін тілді білумен қатар, халықтың тарихын, мәдениетін және ұлттық болмысын терең түсіну қажет екенін айтты.

Кездесу барысында студенттер әдебиет, мәдениет, көркем аударма және шығармашылық ізденіс туралы пікірлерін ортаға салды. Әкбар Мәжит жастарды кітап оқуға, ана тілінің қадірін түсінуге, ұлттық әдебиетті зерттеуге және шығармашылық қабілеттерін ұдайы дамытуға шақырды.

Тағылымды дәріс білім алушылардың әдебиет пен мәдениетке қатысты танымын кеңейтіп, рухани мұраға деген қызығушылығын арттырды.