Media resources
ҚАБИБОЛЛА СЫДИЫҚОВ ЖОЛЫМЕН ҚАРАҚАЛПАҚСТАНҒА САПАР
News

ҚАБИБОЛЛА СЫДИЫҚОВ ЖОЛЫМЕН ҚАРАҚАЛПАҚСТАНҒА САПАР

Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты Өзбекстан Республикасының ең көне оқу орындарының бірі болып табылады. Іргетасын 1934 жылы Төрткөл қаласында бастап қалаған үлкен оқу орны − алғашында 12 оқытушы, 42 студентпен білім беру орталығы болып ашылған.

1991 жылы Өзбекстан мемлекетінің егемендік алуымен байланысты Қарақалпақ Мемлекеттік университеті базасының негізінде 1992 жылы Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты құрылды.

Қарақалпақ халқының ұлы шайыры Әжінияз Қосыбайұлы − бүкіл түрк дүниесінің руханиятында жарқын із қалдырған тұлға.

Қарақалпақстан Республикасы — Өзбекстан құрамындағы егеменді республика, орталығы — Нүкіс қаласы. Республика тұрғындары негізінен қарақалпақтар, өзбектер, қазақтар және түркмендер болып табылады.

Ең ғажабы және басты ерекшелігі – осы түрлі ұлттан құралған халықтардың ортақ рухани орта құрауы, бір ортақ тілде сөйлеуі, ортақ дәстүр ұстануы және мәдениет құралдарының да негізінен жергілікті тілде берілуі.

Этнос – тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі, тарихи тағдыры және психологиялық ерекшеліктері ортақ, тарихи қалыптасқан адамдардың тұрақты тобы. Ол халық немесе ұлт деңгейіндегі этникалық жүйелерді біріктіреді, олардың негізгі белгісі – ортақ этникалық сана-сезім. Этнос ұғымының негізгі сипаттамалары:

Тіл және мәдениет: Этносты біріктіретін басты факторлар – ортақ тіл, салт-дәстүр, өнер және тұрмыс мәдениеті.

Тарихи тағдыр: Ортақ территорияда ұзақ уақыт бірге өмір сүру арқылы қалыптасады.

Этнос пен ұлт ұғымдары жиі шатастырылады, бірақ олардың айырмашылығы бар. Этнос адамдардың мәдени-тілдік және тарихи ортақтығына негізделсе, ал ұлт этностың саяси, экономикалық және мемлекеттік деңгейде ұйымдасқан жоғарғы формасы болып саналады.

Қарақалпақ елінде республика туы және Өзбекстан мемлекетінің туы қатар желбіреп тұр, бұл жергілікті халық ұғымында достық нышаны болып қабылданған. 

Республика аймағында қоғам бірқалыпты ұстаным өкілдерінен құралған, жастардың ортасы, білім ошағы болып табылатын институт аудиториясында да бірқалыпты үрдіс байқалады.

Институтта «Қазақ әдебиеті және тілі» кафедрасының құрамдас бөлігі ретінде түрікмен әдебиеті мен тілі енгізілген, осыған байланысты кафедра атауы да «Қазақ, түрікмен әдебиеті және тілі» болып өзгертілген.

Кафедра меңгерушісі ф.ғ.д. Құттымұратова Ырысты, ұжымда қазақ, түрікмен, қарақалпақ ұлтының өкілдері қызмет етеді. Кафедрада қазақ авторларының кітаптарының қоры жинақталуда екен және дәліз бойында түркіге ортақ ғалымдар бейнесі ілінсе, әр аудиторияда қазақ әдебиеттану ғылымының зерттеушілері, қазақ жазушылары мен ақындарының портреттері түгел қабырғаға орналасқан.

Институтта филология факультетінде қазақ тобы әр курс бойынша толық құрамды бір топтан бар. Менің тарапымнан  қазақ әдебиетінің тарихы бойынша 1 және 4 курс студенттеріне  жалпы дәріс оқылды. Аудитория ахуалы өте сыпайылығы және тәртібімен баурайды. Әсіресе, аудиторияға кірген бетте бір ауыздан «саламалейкум» деп амандасса, шығып бара жатқаныңда «сау болыңыз, ұстаз» деп орындарынан тұрып құрметпен шығарып салады. Бұл мемлекет басшысының «Тәлім мен бірге тәрбие» ұстанымын уағыздау мақсатындағы қалыптасқан үрдіс және ұрпақ тәрбиесіндегі байланысты қуаттап  тұратын рухани желідей сезіледі екен.

Қарақалпақстанға сапарымның ресми мақсаты реттелгеннен кейін, жеке ғылыми жоспарым барысында мақсатты қадамдарымды да уақыт жоғалтпай іске асыруды көздедім. Алдымен осы елдегі ғылыми кітапханалар қорында ізденіс мақсатындағы тақырыбыма қатысты материалдарды қарастырдым. Институтта оқу процесі түске дейін қойылған, сондықтан түстен кейінгі уақытта Өзбекстан Ғылымдар Академиясы Қарақалпақстан бөлімі, Қарақалпақ гуманитар пәндер ғылыми зерттеу институтының Филология ғылымдары бойынша философия докторы (PhD), институт директоры Бекімбетов Азаматтың қабылдауында болып, іссапар мақсатын түсіндіріп, зерттеу бағытыма керекті материалдарды іздеу үшін арнайы кітапхана қорымен жұмыс істеуге рұқсат алдым.  Кітапхана қорындағы қазақ әдебиеті тарихына, тіл тарихына арналған материалдарды картотека бойынша сұрыптап, тапсырыс негізінде кітаптармен таныстым.

Ғылыми зерттеу бағытым бойынша әріптестер қолдауымен ХІХ -ХХ ғасырларда орыстардың қуғынымен жер аударылған немесе қазақ шайырларының тарихы, жерленген қауымы туралы әріптестердің және жергілікті қазақтардың қолдауымен арнайы ізденістер жасалды.

Академиялық ұтқырлық аясында қиюын келтіріп жеке ғылыми ізденістерім кітапхана қорларын зерттеуден бөлек өз бетіммен экспедициялық зерттеу сапарлары ұйымдастырылды.

Экспедициялық зерттеу әдісі − бұл ғалымдардың тікелей табиғи жағдайда, далалық жерлерде арнайы ұйымдастырылған сапарлар барысында нысандарды, құбылыстарды немесе үдерістерді зерттеуі.

Жеке зерттеу мақсатымның алғашқы күні бұрынғы ізденістер негізінде табылған көнекөз жыраулардың аузынан жазып алынған қолжазба бойынша «Ғайып ата» атанған Сырым батыр Датұлы қауымына зиярат етумен басталды. Біздің жолымыз болып қазақтың жиені, осы оқу орынның тұңғыш ректоры Жұманазар Базарбаевтың ұлы өз көлігімен апарып, бізбен бірге зиярат етіп қайтты. Рахимназар Базарбаев Жұманазарович Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогика институтының, тарих кафедра меңгерушісі болып қызмет етеді екен.

Жол барынша ұзақ екі-үш сағат уақыт, оның үстіне көптеген құрылыстар жүруіне байланысты, тура түсуге болатын жолдар жабылған, қауымға ауыл тұрғындарынан сұрай отырып жеттік. Біз барған бейсенбі күні шырақшы (шиықшы) болмады, бейіттің жоғарысына көрсетілген телефон нөміріне хабарласа алмадық, кейбір деректер бойынша өзіміздің сұрақтарымызды кейінге қалдырдық. 

Деректерде Сырым Датұлы 1802 жылы Өзбекстанның Хорезм облысы, Гурлен ауданына қарасты Науаи елді мекенінің маңында жерленген. Ғылыми экспедициялар нәтижесінде оның қабірі Қожакөл жағалауындағы Кезек әулие қорымынан табылған.  2007 жылы тарихшы Сыдықов бастаған экспедиция батырдың мүрдесін анықтаған.

Бізге айтқаны жергілікті тарихшылардың Қарақалпақ елі зияраттың кімге тиесілі екенін білмегендіктен бейітті өз тілдерінде «Ғайып ата» деп атап кеткен екен.

Келесі күнгі жоспарлы жолымыз Үстірт болды. Жергілікті халықтан сұрастыра отыра бұл бағытқа ұстанар жол сапарымызды Шоманай (Шәменай деген қыздың сұлулығына қойылған екен) ауылында туылған әріптесіміздің жол сілтеуімен жергілікті такси қызметін пайдалана отырып іске асырдық. Жол серігіміз бағымызға қарай жас болса да тәрбиелі, шежірені түсетін адам болды, сол ауылдан Үстіртті білетін екі азамат тосып алып өз көліктерімен жол көрсетіп отырды. Елі таныс емес, жері шалғай, айнала маңдала Үстірт үстіндегі ізденісіміз күпті көңілімізді өз тамашасымен толтырды. Тарихы таныс емес кең жазықтың бір кезде қазақтың шайырлары табаны тиген қасиетті мекені болғанын денең тітіркене сезінесің.

Үстірттің үстінде де геологтар көп жол салғасын жол тараптары көбейіп кеткендіктен, сүрлеулі жолдар шатастырып, біраз адасу болды. Әйтседе, кейін кетуді ойламай сағатты есептей жүріп біраз тарихи қауымдарға із салдық Құран бағыштадық. Қарақалпақ елі қауымды «қойымшылық», «Әулие» деп атайды, біздер «қарақалпақ әулие», «қазақ әулие» бұдан да басқа жеке тұрған зираттарға жол түсірдік. «Қазақ әулие» қауымының жанынан жойқын жыра, ағынды су орны қалған, жолсеріктеріміздің айтуынша жартысын нөсерлі жаңбырда су шайған екен. Кейбір тақталарда көне жазулар кездеседі, кейбірі кейін қойылған, тіпті ру, туған, дүниеден өткен уақыттары да атап көрсетілген. Қарақалпақтардың жерлеу рәсімінің өзіндік дәстүрі бар екені кейбір белгілерден көрінеді.

Біз Сүгір ақын шәкірті Жақсылық Елеусиновтің ауызша айтқан жырларындағы естеліктері  бойынша 19 ғасыр соңында Абыл, Шернияз ақындармен тұстас өмір сүрген заманының дүлдүл ақыны болған Есенбақ Дауылұлы зияратын басына қойылған белгі негізінде іздестірдік.

Зерттеуші Қабиболла Сыдиықов «Кәусар бұлақ» (Маңғыстау әдебиеті мен өнері туралы байыптаулар) атты еңбегінде: «Жетінші, − Есенбақ дәстүріндегі Құлманбет, Қоспақ, Бала Ораз, Қашқынбай ақындар ортасы» − деп келтіреді.

Көңілдегі мақсатымызды ілгерілеп іздеу үшін, Үстірттің төменгі етегіндегі Қасқа жол (Керуен жолы деп те атайды екен) бойында орналасқан қауымның Түрікмен елінің шекарасына еніп кеткендіктен кейін оралдық. Бұл жол арнайы әскери орындардың рұқсатымен мүмкін екенін біліп, Нүкіс қаласындағы құзырлы орындардан бағыт-бағдар алып алдағы уақыт еншісіне бердік.

Қайтар жолда Шоманай поселкесінде тұрып жатқан қазақтардың ауылын аралай жүріп қазақ шежіресін, арғы ата-бабасының тарихынан шежіре шертетін қазақтармен танысып-білістік. Бірінен екіншісіне таралып хабарласушылар, жол көрсетуге ниеттес ағайындар табылды. Зерттеу бағытында білу керек көп мақсатымызға жол ашып, ел табиғатымен, тарихымен танысып, сол елде тұрып жатқан табын, әлім рулы елдердің тұрмыс-тіршілігі мен естелігінен біраз фольклорлық қорлар жинауға болатынын түсіндім.

Қазақ әдебиеттану ғылымының зерттеу аясын әлі де кеңейтуге, материалдық байытуға ізденіске мүмкіндіктер тек қана кітапхана қорымен шектелмей, осындай жанды ізденістермен көркейту әр кезеңдегі әдебиетішілер тарапынан болғаны анық және бұл ізденістер жалғасуы керек.

Ел тарихында арнайы жол түсіріп баруға тұрарлық «Құм қала», «Тасқала», «Қырмыз қыз қаласы» деген атаумен белгілі ежелгі қоныс орындары, Аралға қатысты «Ашық аспан астындағы кемелер музейі» («Кладбище корабли» деп аталады) тарихи орындар бар екен.

Біздің таңдап алғанымыз Өзбек еліндегі Ишан қала (Хиуа) Шерғазы хан медресесінде Бекет ата жеті жыл оқып ұстазы хожа Бақыржан пір бабадан білім алған тарихи қала болды. Бекет Атаға арнайы бөлме арналып, қазақтың киіз үйден бастап ерекшелігін танытатын белгілері қойылған екен.

Хиуа қаласында  шет елдік азаматтар сансыз көп және олар жорықтарын Нөкіс қаласынан бастап Самарқанд, Ташкентпен аяқтайды екен. Тарихи қала тұрғындары, хандық дәуірдің тіршілігінен сыр шертетін мұражайларды арнайы гид көмегімен тұшынып қайтуға болады.  Туризм саласының елді экономикалық дамытудағы тарихи құндылық болып танылатын орында, хан тұсында сарайда қызмет еткендер ұрпағына тұруға рұқсат етілгендіктен, қарапайым үй, жеке қонақ үйлер көптеп кездеседі.

Ең бір арнайылап барып уақыт өткізуге болатын ерекше орын Нүкіс өнер мұражайы — И.В.Савицкий атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы, төменде мұражай көріністері берілді.

Мұражайдың әр залы, ондағы қойылған қазыналы ежелгі дүниелер, қолөнерлер, портреттер ең бір ғажап құндылықтар екені танылып тұр.

Қарақалпақстан елі – қазақ ақыны Төлеген Айбергеновтің туып өскен жері, ақын сол туған жерінде дүниеден өткен. Қазақ елінен ақынның кітабын түгел жатқа оқыған Шымкенттік ақын Бегалиев Нармахан жолдастарымен іздеп келіп ақын басына зиярат етіп ас берді. Осы кешке Қарақалпақстандағы қазақ мәдениет орталығы директоры, ақындар, елшілік өкілдерімен бірге біздерде шақырылып ақын туралы естеліктер тыңдап, жасы үлкен шайырлары мен жас ақындардың поэзиясын тыңдадық.

Қарақалпақ елі қазақ шайырларының, көшпенділерінің тарихына, шежіресіне бай мекен, сондықтан да қазақ ғалымы Қабиболла Сыдиықов бұл өңірді көптеп зерттеген.

Сонымен академиялық ұтқырлық аясында жоспарлы ғылыми ізденістерде жасай отырып, көптеген межелі мақсаттарымызға алғашқы қадам жасалды. Көкірегіңде жасырылған көмбе ойларды жарыққа шығарып, оғын тыныс беріп, Алланың қолдауымен қолдан келгенше іс қылып, ізденіс жорықтарын бастау зерттеуші үшін ең бір құндылық.

Келер күндердің жемісі мен жеңісін қуана хабарлауға Алла нәсіп етсін!

Жайлы Балтоғаева, филология ғылымдарының кандидаты, 

Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы  қауымдастырылған профессоры,
Атырау университеті – Әжінияз педагогикалық институты
Атырау – Нөкіс. 5 – 18 сәуір, 2026 жыл.