Media resources
ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖЕТІСТІК!
News

ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ ЖОЛЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ ЖЕТІСТІК!

2026 жылғы 6 қарашада Орал қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдығына орай «Сәтбаев мұрасы – инновациялар мен инженерлік болашақтың кепілі» атты облыстық инновациялық жобалар конкурсы өтті.

Аталған байқауға Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің жас ғалымы 25–35 жас аралығындағы қатысушылар санаты бойынша қатысып, ғылым мен білім беру саласын цифрландыруға бағытталған үш инновациялық жобасын таныстырды.

Байқауға ұсынылған жобалар:

  • EduPlatform – жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды қашықтан оқыту платформасы;

  • PhD Mentor – ғылыми зерттеулер жүргізу мен академиялық қызметті қолдауға арналған интеллектуалды платформа;

  • PedStat AI – педагогикалық зерттеулердегі статистикалық деректерді талдау және өңдеуге арналған цифрлық платформа.

Атап айтқанда, EduPlatform Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясындағы «Жас ғалым» жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан AP25796073 «Жасанды интеллект қағидаттары негізінде қашықтан оқыту платформасын құру әдістемесін әзірлеу» атты ғылыми жоба шеңберінде әзірленуде.

Конкурс барысында университеттің жас ғалымы ұсынылған цифрлық шешімдердің ғылыми негіздемесін, практикалық мүмкіндіктерін және оларды білім беру мен ғылыми-зерттеу қызметіне енгізу жолдарын таныстырды.

Байқау қорытындысы бойынша Атырау университетінің өкілі «ЖЫЛДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ СЕРПІНІ» номинациясының жеңімпазы атанды. Жеңімпаз Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, профессор, академик А. С. Әйтімовтің дипломымен және 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатпен марапатталды.

Бұл жетістік университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін, жасанды интеллект технологияларын білім беру мен ғылым саласына енгізу бағытындағы жұмыстардың маңызын көрсетеді.

Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын дәріптеуге арналған конкурста университет ғалымының инновациялық жобаларының жоғары бағалануы – оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы маңызды жетістіктердің бірі.

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті жас ғалымдардың ғылыми бастамаларын қолдауға, инновациялық жобаларды дамытуға және зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізуге ерекше көңіл бөліп келеді.

Жас ғалымымызды жетістігімен құттықтап, алдағы ғылыми ізденістеріне табыс тілейміз!