Media resources
ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ БІЛІМ: АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ BILIM UPSKILL САРАПШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
News

ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ БІЛІМ: АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ BILIM UPSKILL САРАПШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде университет басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және профессор-оқытушылар құрамының Қазақстандағы Coursera жаһандық білім беру платформасының ресми серіктесі - Bilim Upskill компаниясының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуде Bilim Upskill әдістемелік қолдау бөлімінің әдіскері Гүлдана Достанқызы Махамбетова мен компанияның талдаушысы Андрей Алексеевич Щербаков спикер және сарапшы ретінде сөз сөйледі. Қонақтар бірлескен серіктестік бағдарламасының жүзеге асырылуы, оқытушылар мен студенттердің белсенділігі мен тартылу серпіні туралы егжей-тегжейлі талдамалық есепті ұсынды, сондай-ақ Coursera платформасында авторлық жаппай ашық онлайн-курстарды (ЖАОК) орналастырудың жаңартылған регламенті мен алгоритмін жан-жақты түсіндірді.

Кездесу барысында академиялық мәселелер жөніндегі проректор университеттің қазіргі академиялық және цифрлық бастамалары, Bilim Upskill-мен стратегиялық ынтымақтастық бағыттары және оқу орнымыздың оқытушылары дайындаған білім беру курстарын халықаралық деңгейге шығару жоспарлары туралы айтып берді. Айта кету керек, университеттің «Бизнес-жоспарлау негіздері» курсы жүздеген сәтті аяқтау көрсеткішімен Coursera-дағы ең сұранысқа ие отандық онлайн-курстардың қатарына еніп үлгерді. Оқытушылардың Coursera платформасында біліктілігін арттыру курстарынан өтуі үшін университет тарапынан 100 корпоративтік лицензия сатып алынды. Бағдарлама қорытындысы жоғары нәтижелілікті көрсетті: қатысушыларды қамту бөлінген лицензиялар санының 111%-ын құрады, белсенділік пен тартылу деңгейі 94%-ға жетті, ал өткен курстар бойынша орташа баға 100-ден 93 балл болды. Университет басшылығы атынан проректор Bilim Upskill командасына сапары, құнды аналитикасы мен тұрақты әдістемелік қолдауы үшін шынайы алғысын білдірді.

Кездесуде ұжымымыздың толайым табыстарына және цифрлық білім беру көшбасшыларын марапаттауға ерекше назар аударылды. «Биология және балық шаруашылығы» кафедрасының сеньор-лекторы Назерке Замзамова 94% белсенділік көрсеткішімен 31 курсты сәтті аяқтап, «Coursera Champion» атағына ие болды. Атырау университеті озық халықаралық цифрлық тәжірибелерді білім беру үдерісіне сенімді түрде енгізуді жалғастыра отырып, әрбір оқытушы мен студенттің кәсіби және академиялық өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер жасауда!